Марсель Ербол Хамитовтың шақыртуын не үшін қабылдағанын айтты
Қырғызстандық ММА файтері Марсель Нурланбек уулу қазақстандық паралимпиада чемпионы Ербол Хамитовтың ұсынысына не себепті келіскенін түсіндірді.
“Ербол әлсіз қарсылас емес”
Марсельдің айтуынша, көпшілік Ербол Хамитовты кәсіби жекпе-жек спортшысы емес деп бағалағанымен қазақстандық спортшының жетістігі мен жүріп өткен жолын ерекше құрметтейді.
“Ассалаумағалейкум, Қырғызстан халқы! Қазақстаннан Ербол есімді жігіт маған шақырту тастады. Көп адам: “Марсель, ол файтер емес, оның бір аяғы жоқ” деп жазып жатыр. Бірақ менің ойымша, ол грэпплингте өте мықты. Оның үстіне — Олимпиада чемпионы. Мұндай нәтижеге кез келген адам жете бермейді. Сондықтан оның жүріп өткен жолына құрметпен қарауымыз керек”, — деді Марсель.
Қырғызстандық спортшы Ербол Хамитовтың өмір жолы көптеген адамға мотивация бере алатынын атап өтті.
“Шынымды айтсам, мен бұл жігіт туралы бұрыннан білетінмін, бірақ шақыртуға дейін оны жақыннан көрмеппін. Оның тарихы адамды жігерлендіреді. Егер спортшылар оның жолына назар аударса, нағыз мотивация алады. Сондықтан Ерболды әлсіз қарсылас деп ойламаймын. Бұл өте қызықты белдесу болады. Мен үшін ол әлсіз емес. Күтіңіздер”, — деді файтер.
Грэпплингтен белдесу ұсынды
Бұған дейін Ербол Хамитов Марсель Нурланбек уулуға ашық шақырту жасап, грэпплинг ережесі бойынша белдесуге дайын екенін айтқан. Кейін қырғызстандық файтер бұл ұсынысты қабылдады.
Марсель Нурланбек уулу ТМД елдерінде қазақстандық Еркебұлан Тоқтарды жеңгеннен кейін кеңінен таныла бастады. Олардың жекпе-жегі наурыз айының соңында Hype FC турнирінде өтіп, қырғызстандық спортшының жеңісімен аяқталған еді.
Ал Ербол Хамитов Миландағы Паралимпиада-2026 ойындарында алтын және қола медаль жеңіп алып, Қазақстан спортының тарихына енді.