Мұхит Амантаев Марсельмен жекпе-жекке дайындық барысын көрсетті (ВИДЕО)

Сарапшы, спорт журналисі
Бүгін, 19:45

Бокстан жаттықтырушы Мұхит Амантаев қырғызстандық файтер Марсель Нурланбек уулумен өтуі мүмкін жекпе-жекке байланысты әлеуметтік желіде белсенділік таныта бастады.

instagram/@mukhit_amantayev

Амантаев спарринг видеосын жариялады

Мұхит Амантаев Instagram парақшасында спаррингтен видео жариялап, дайындығын көрсетті. Кадрларда қазақстандық жаттықтырушы соққыларын белсенді жасап, қарсыласына қысым көрсетіп жүргені байқалады.

Дегенмен видеодағы спарринг серіктесі көбіне қорғаныста болып, Амантаевтың ауыр соққыларына сирек жауап қайтарған.

Жарияланған видеоға Мұхит Амантаев өзіне тән өткір әрі эмоциялық сипаттағы жазба қалдырды. Ол Марсельге қарата былай деді:

“Марсель дәл осылай менің алдымда жатады, өлген болып көрінеді де, кейін өзі қаша бастайды. “Вибратор, воздухатор” — ауаны ғана қозғайды”, — деп жазды Амантаев.

Бұл жазба жанкүйерлер арасында қызу талқыланып, ықтимал жекпе-жекке деген қызығушылықты арттыра түсті.

Мұхит Амантаев әлеуметтік желіде қалай танылды?

Мұхит Амантаев көпшілікке балалар мен жасөспірімдерді жаттықтырған видеолары арқылы танылған. Кейін өз жаттығуларын да жариялап, әлеуметтік желіде аудиториясын көбейтті.

Соңғы уақытта Амантаев Қазақстан мен ТМД елдеріндегі поп-ММА өкілдеріне жиі шақырту тастап жүр. Бұл оның есімін жекпе-жек жанкүйерлері арасында кеңінен танытты.

Марсель Hype FC турнирінен кейін назарға ілікті

Қырғызстандық Марсель Нурланбек уулу 27 наурыз күні Hype FC турнирінде қазақстандық актер әрі ММА файтері Еркебұлан Тоқтарды жеңген. Осы жеңістен кейін Марсельге ММА-промоушендер тарапынан қызығушылық артты.

Бұған дейін Алматыда өткен IBA Nomad турнирі кезінде Мұхит Амантаев пен Марсель Нурланбек уулу көз арбасу рәсімін өткізген еді. Сол кезде ұйымдастырушылар қазақстандық жаттықтырушы мен қырғызстандық файтер арасындағы жекпе-жек алдағы турнирлердің бірінде өтуі мүмкін екенін хабарлаған.

Реклама
Реклама