Төрехан Сабырхан екі дүркін Азия чемпионымен жұдырықтасты (ВИДЕО)

Сарапшы, спорт журналисі
Бүгін, 05:13

Әлем чемпионы Төрехан Сабырхан екі дүркін Азия чемпионы Абзал Серікпен бірге спарринг өткізді. 

Instagram/@boxingkazakhstan

Бапкері видео жариялады

Боксшылардың жаттығу барысынан үзіндіні ағайынды Сабырхандардың бапкері Ілияс Оралбеков Instagram парақшасында жариялады. Видеодан қос спортшының спарринг кезінде бір-біріне оңайлықпен жол бермегені байқалады. Жаттығу жекпе-жегі болғанына қарамастан екеуі де жоғары қарқын ұсынып, бірнеше дәл әрі ауыр соққылармен алмасты.

Төрехан Сабырхан — қазір Қазақстан құрамасының 70 келіге дейінгі салмақтағы көшбасшыларының бірі. Ол 2025 жылы World Boxing нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанған. Бірақ осы айдың басында Моңғолия астанасы Ұлан-Батырдағы Азия чемпионатында ересектер арасындағы мансабында алғаш рет жеңіліс тапты.

Абзал Серік дисквалификациядан оралды

Ал Абзал Серік — Қазақстанның үш дүркін чемпионы, 2021 жылғы жастар арасындағы Азия чемпионы және 2019 жылғы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионы. Сонымен қатар 2023 жылы 22 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы Азия чемпионатының финалына шыққан.

2023 жылы Абзал Серік ҚР Ұлттық антидопинг орталығы тарапынан жарыстардан шеттетілген еді. Боксшының сынамасынан метастерон табылған. Оның дисквалификация мерзімі 2026 жылдың 7 сәуірінде аяқталды. Ал 20 сәуірде Түркістанда өткен Әбдісалан Нұрмахановты еске алуға арналған халықаралық турнирде чемпион атанды.

Айта кетейік, Төрехан Сабырхан мен Абзал Серік бір бапкердің — Ілияс Оралбековтің қол астында жаттығады.

Реклама
Реклама