Дастан Амангелдінің октагонға қашан оралатыны белгілі болды
Қазақстандық файтер келесі жекпе-жекке дайындығын бастап кеткен.
Қазақстандық ММА шебері Дастан Амангелді (10-1) еуропалық Oktagon MMA лигасындағы келесі жекпе-жегінің шамамен қай күні өтетінін жариялады. Бұл туралы meta-ratings.kz хабарлады.
Спортшының айтуынша, лига оған жекпе-жекті 6 маусымға жоспарлаған:
"Oktagon маған 6 маусымға жекпе-жек уәде етті. Жалғас Жұмағұловпен бір кардта шығуым мүмкін. Қарсылас ұсынды, келісім бердім. Қазір ресми растауды күтіп отырмыз", – деді Амангелді.
Қазіргі уақытта қарсылас анық. Келіссөздер соңғы кезеңде. Егер жоспар өзгерсе, Амангелді басқа турнирде жұдырықтасуы мүмкін.
Файтердің айтуынша, егер 6 маусымдағы жекпе-жек өтпей қалса, 20 маусымда Берлинде өтетін турнирге қатысу ықтималдығы бар.
Oktagon-дағы жолы
Дастан Амангелді Oktagon лигасында биыл қаңтар айында дебют жасады. Алғашқы жекпе-жегінде ол бразилиялық Вандерлей Левандовскиді төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңген.
Айта кетейік, қазақстандық файтердің Oktagon ұйымымен үш жекпе-жекке келісімшарты бар.