"Өзіне ұқсамайды": АҚШ-та Рахмоновтың жаңа видеосы алаңдаушылық тудырды

Сарапшы, спорт журналисі
Бүгін, 13:40

Америкалық Unforgettable.mma порталы Шавкат Рахмоновтың қазіргі физикалық бабына назар аударды.

фото ашық дереккөздерден алынды

Оңалту курсы Германияда өтіп жатыр 

Шетелдік басылымның пікірінше, Рахмоновтың соңғы видеосындағы келбеті жанкүйерлер арасында түрлі сұрақ туындатқан.

"Шавкат Рахмонов қазір бұрынғы қалпына аса ұқсамайды. Әсіресе аяқтарының айтарлықтай арықтағаны байқалады. Бұл оның физикалық жағдайына қатысты алаңдаушылық тудырады. Мұндай өзгеріс оның қозғалысына, жарылғыш күшіне және октагондағы жалпы тиімділігіне әсер етуі мүмкін. Ал Шавкаттың стилі қысым жасау мен бақылауға негізделетінін ескерсек, физикалық қуаттың азаюы көп нәрсені өзгертуі ықтимал", — деп жазды портал.

Басылым Рахмоновтың жарақаттан кейін бұрынғы бабына қайта келе ала ма деген сұрақтың өзекті екенін атап өтті. Сарапшылардың айтуынша, ауыр жарақат пен ұзақ үзіліс тіпті жоғары деңгейдегі спортшылардың өзіне әсер етпей қоймайды.

"Жанкүйерлер оның қайтадан шарықтау шегіндегі формасына орала ала ма деп ойлай бастады. Жарақат пен ағзаның тозуы элиталық атлеттерге де ауыр соққы болуы мүмкін. Дегенмен нағыз чемпиондар дәл осындай кезеңнен қалай өтетінімен ерекшеленеді. Ең басты сұрақ — Шавкат толық қалпына келіп, күмәнданғандарға жауап бере ала ма?" — дейді Unforgettable.mma.

Октагонға екі жыл бұрын шықты

Шавкат Рахмонов соңғы рет октагонға 2024 жылдың желтоқсанында шыққан. Лас-Вегаста өткен UFC 310 турнирінде ирландиялық Иэн Гэрриді төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңді.

Бұған дейін қазақстандық файтердің алдыңғы айқас сіңірінен қайта жарақат алғаны және соған байланысты қалпына келу процесінен өтіп жатқаны хабарланған.

Реклама
Реклама