Мейірім Нұрсұлтанов АҚШ-та жекпе-жекке дайындықты бастады

Сарапшы, спорт журналисі
Бүгін, 19:44

Орта салмақта өнер көрсететін отандасымыз Лос-Анджелесте танымал физикалық дайындық мамандарымен жұмысқа кірісті.

instagram/@meiirim.nursultanov

Камачо бауырларымен жаттығады

Мейірім Нұрсұлтанов әлеуметтік желідегі парақшасында Кристофер және Дарио Камачо бауырларымен түскен суретін жариялады. Аталған мамандар әлемдік деңгейдегі спортшылардың физикалық дайындығымен айналысқан тәжірибелі бапкерлер ретінде танымал.

Қазақстандық боксшы Instagram stories бөлімінде:

"Жоспар дайын. Дайындыққа кірісеміз", – деп жазды.

Бұл жазба жанкүйерлер арасында үлкен қызығушылық тудырды. Себебі Нұрсұлтановтың АҚШ-тағы дайындық лагері оның чемпиондық айқасқа жақындай түскенін аңғартады.

WBC рейтингіндегі бірінші нөмір

Қазір Мейірім Нұрсұлтанов WBC нұсқасы бойынша орта салмақтағы рейтингтің бірінші сатысында тұр. Ол әлем чемпионы белбеуіне міндетті үміткер саналады.

Бұл салмақта WBC чемпионы – доминикандық Карлос Адамес. Оның кәсіпқой бокстағы көрсеткіші – 24 жеңіс, 1 жеңіліс, 1 тең нәтиже және 18 нокаут.

Ал Мейірім Нұрсұлтановтың рекорды – 20 жеңіс, 0 жеңіліс, 11 нокаут. Қазақстандық боксшы әлі кәсіпқой рингте жеңіліп көрген жоқ.

АҚШ визасы және үлкен мүмкіндік

Бұған дейін Нұрсұлтановтың АҚШ визасын алғаны белгілі болған. Былтыр боксшы Америка тарапы бірнеше рет виза беруден бас тартқанын айтқан.

Айта кетейік, Мейірім Нұрсұлтанов 2016-2019 жылдар аралығында АҚШ-та белсенді түрде жұдырықтасты. Сондықтан оның Америкаға қайта оралуы мансабындағы маңызды кезең болуы мүмкін.

Камачо бауырлары кімдерді дайындаған?

Кристофер мен Дарио Камачо әлемдік спорттағы бірқатар танымал есімдермен жұмыс істеген. Олардың тәжірибесінде бокс пен UFC жұлдыздары бар.

Камачо бауырларының қол астында дайындалған спортшылар қатарында:

  • Хабиб Нурмагомедов – UFC Даңқ залының мүшесі;
  • Даниэль Кормье – UFC-дің бұрынғы чемпионы;
  • Кейн Веласкес – UFC-дің экс-чемпионы.

Сондай-ақ олар кезінде Геннадий Головкиннің командасында да жұмыс істеген.

Реклама
Реклама