ҚФФ боксшыларымыздың үздік бес нокаутын атады

Бокс шолушысы
Бүгін, 13:05

Қазіргі таңда аталған боксшылардың басым бөлігі Қазақстан құрамасының сапында алдағы жарыстарға дайындық жүргізіп жатыр. 

sportarena.kz

Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі ұлттық құраманың қазіргі боксшылары орындаған ең әсерлі бес нокаутты атады. Тізімге халықаралық жарыстарда мерзімінен бұрын аяқталған айқын әрі есте қаларлық жеңістер енді.

Бекзат Нұрдәулетовтің Болгариядағы нокауты

Тізімге Бекзат Нұрдәулетовтің Болгарияда өткен "Странджа" кубогындағы жеңісі енді. 2025 жылдың 25 ақпанында ол 86 келіге дейінгі салмақта Өзбекстан өкілі Акмальжан Исроиловпен кездескен.

1/8 финалдағы бұл жекпе-жекте Нұрдәулетов қарсыласын бірінші раундта нокаутқа түсіріп, турнирдегі ең жарқын жеңістердің бірін тіркеді.

Айбек Оралбай қарсыласын бірінші раундта тоқтатты

Қазақстан құрамасының капитаны Айбек Оралбай да үздік нокауттар қатарынан орын алды. Ол 2023 жылдың ақпанында Венгрияның Дебрецен қаласында өткен Иштван Бочкаи мемориалында неміс боксшысы Александр Окаровпен жұдырықтасты.

Оралбай жекпе-жек басынан басымдық танытып, қарсыласын бірінші раундта нокаутқа жіберді.

Сабыржан Аққалықов Дубайдағы әлем чемпионатында жарқ етті

Сабыржан Аққалықовтың Джошуа Арон Кузинге қарсы жеңісі де ерекше аталды. 2025 жылдың 6 желтоқсанында Дубайда өткен IBA әлем чемпионатының 1/16 финалында ол 75 келіге дейінгі салмақта рингке шықты.

Қазақстандық боксшы кездесуді екінші раундта нокаутпен аяқтап, келесі кезеңге сенімді түрде өтті.

Махмұд Сабырхан 30 секундта жеңіске жетті

Махмұд Сабырханның 2025 жылғы Ливерпульдегі әлем чемпионатында көрсеткен нокауты тізімдегі ең жылдам әрі әсерлі сәттердің бірі болды.

Қазақстандық боксшы Косово өкілі Башким Баджокуды небәрі 30 секундта нокаутқа түсірді. Кейін Boxing News басылымы бұл соққыны әлем чемпионатының "ең үздік нокауты" деп бағалады.

Оразбек Асылқұловтың 21 секундтағы нокауты

Оразбек Асылқұлов 2025 жылдың 9 желтоқсанында Дубайдағы IBA әлем чемпионатында Эсватини өкілі Мукело Дламиниге қарсы шықты.

Бұл жекпе-жекте Асылқұлов қарсыласын небәрі 21 секундта нокаутқа жіберді. Осы жеңіс турнирдегі ең жылдам нокауттардың бірі ретінде есте қалды.

Айта кетейік, қазіргі таңда аталған боксшылардың басым бөлігі Қазақстан құрамасының сапында алдағы жарыстарға дайындық жүргізіп жатыр. 

Реклама
Реклама