Қазақстан мен Өзбекстан Әлем кубогында: Оралбай мен Аққалықов әлем чемпиондарына қарсы шығады

Жекпе-жек шолушысы
Бүгін, 20:07

15-21 маусым аралығында Қытайдың Гуйян қаласында бокстан Әлем кубогының екінші кезеңі өтеді.

el.kz

50 келіге дейін: Санжар Тәшкенбай мен Асилбек Жалилов

Қазақстан атынан бұл салмақта Санжар Тәшкенбай өнер көрсетеді. Өзбекстан намысын Асилбек Жалилов қорғайды.

50 келіге дейінгі салмақ Олимпиада және Азия ойындары бағдарламасына енбегенімен Әлем кубогындағы бәсеке өте тартысты болуы мүмкін. Жалилов 2024 жылы Азия чемпионы атанып, Әлем кубогы финалында топ жарған. Ал Санжар Тәшкенбай былтыр Ливерпульде екі дүркін әлем чемпионы атанды.

Жалилов үшін бұл турнир — Өзбекстан құрамасының бірінші нөмірі ретінде өз деңгейін дәлелдеуге мүмкіндік. Ал Тәшкенбайға Азия чемпионатындағы сәтсіздіктің кездейсоқ болғанын көрсету қажет.

55 келіге дейін: Тимур Қабдешов пен Самандар Олимов

Бұл салмақта Қазақстан құрамасы Тимур Қабдешовке сенім артады. Өзбекстан сапынан Самандар Олимов шаршы алаңға шығады.

Өзбекстанда бұл олимпиадалық салмақта айқын көшбасшы жоқ деуге болады. Сондықтан бапкерлер штабы жас әрі аш боксшыларды тексеріп көруді жөн санаған. Олимов 2024 жылы жастар арасында әлем чемпионы болып, кейін Азия біріншілігінде жеңіске жетіп, 2026 жылды Өзбекстан чемпионатындағы табыспен бастады. Қытайдағы жарыс ересектер деңгейіндегі алғашқы үлкен сынақтардың бірі болмақ.

Қазақстан Махмұд Сабырханды сақтап қалғандай әсер қалдырады. Оның орнына Тимур Қабдешовке мүмкіндік берілді. Қабдешов бұған дейін “Странджа кубогында” күміс, Boxam-2026 турнирінде қола жүлде алған. Енді жоғары деңгейдегі додада өзін көрсетуі тиіс.

60 келіге дейін: Серік Теміржанов пен Абдумалик Халоков

Серік Теміржанов бұл салмақта Өзбекстанның басты жұлдыздарының бірі Абдумалик Халоковпен бір категорияда өнер көрсетеді.

Халоков үшін бұл турнир IBA нұсқасы бойынша өткен 2025 жылғы әлем чемпионатындағы даулы финалдан кейінгі алғашқы жарыс болмақ. Олимпиада чемпионы үшін басты міндет – ринг ырғағын қайта сезіну, бабын тексеру және, әрине жеңіске жету.

Серік Теміржановқа да бұл турнир аса маңызды. Соңғы уақытта ол бірнеше мүмкіндікті толық пайдалана алмады. Былтыр World Boxing ұйымдастырған әлем чемпионатына қатыспады, ал IBA нұсқасындағы додада Тәжікстан өкіліне есе жіберді.

Азия чемпионатында Оразбек Асылқұловтың өте сенімді өнер көрсеткенін ескерсек, бұл салмақта Теміржановқа сенім арту үшін Қытайдағы нәтижесі шешуші рөл атқаруы мүмкін.

65 келіге дейін: Санатәлі Төлтаев пен Миркомил Саитохунов

Бұл салмақ дәрежесі де Азия ойындарының медаль бағдарламасына кірмейді. Сондықтан боксшылар алдағы ірі турнирлерге, соның ішінде 2027 жылы Астанада өтетін әлем чемпионатына дайындық ретінде сынға түседі.

Қазақстан құрамасы бұл жолы Санатәлі Төлтаевты қайта тексеруге шешім қабылдады. Ол IBA-2025 әлем чемпионатының ширек финалында Асадхужа Муйдинхужаевқа жол берген еді.

Өзбекстан болса 21 жастағы Миркомил Саитохуновқа мүмкіндік беріп отыр. Қай бапкерлер штабының таңдауы дұрыс болғанын Қытайдағы жарыс көрсетеді.

70 келіге дейін: Абылайхан Жүсіпов пен Шавкатжон Болтаев

IBA нұсқасы бойынша 2025 жылғы әлем чемпионы Абылайхан Жүсіпов ерекше жағдайда тұр. Ол тәжірибелі әрі титулы көп боксшы болғанымен дәл осы салмақта Қазақстан құрамасында Төрехан Сабырхан бар.

Бірақ Сабырхан Азия чемпионатының финалында жеңіліп қалды. Бұл жағдай екі Олимпиадаға қатысқан Жүсіповке Азия ойындарына жолдама үшін күресуге мүмкіндік беріп отыр. Ол үшін Абылайхан Қытайдағы турнирде барынша жоғары нәтиже көрсетуі керек. Ең тиімді нұсқа — чемпион атану.

Өзбекстандық Шавкатжон Болтаев та бұл додаға үлкен мақсатпен келеді. Ол Ливерпульдегі әлем чемпионатында айтарлықтай табысқа жете алмады. Сондықтан Әлем кубогы оған бапкерлерге өзін қайта дәлелдеуге мүмкіндік береді.

75 келіге дейін: Тимур Нұрсейітов пен Жавохир Абдурахимов

Бұл салмақ Олимпиада мен Азия ойындарының бағдарламасына кірмейді. Дегенмен дәл осы категорияда болашақ жартылай ауыр салмақтың үміткерлері қалыптасып жатыр.

Қазақстанның осы салмақтағы негізгі боксшысы жоғары салмаққа ауысқаннан кейін Қытайға Тимур Нұрсейітов жіберілді. Оның қарсыластары қатарында Жавохир Абдурахимов бар.

Нұрсейітовтің басты міндеті — жаңа деңгейдегі бәсекеге қаншалықты дайын екенін көрсету.

80 келіге дейін: Сабыржан Аққалықов пен Жавохир Умматалиев

Бұл салмақ дәрежесіндегі басты назар Сабыржан Аққалықовқа ауады. Ол бұған дейін 75 келіде өнер көрсетіп келді, бірақ кейін олимпиадалық 80 келіге ауысатынын мәлімдеді.

Қытайдағы Әлем кубогы Аққалықовтың жаңа салмаққа қаншалықты бейімделгенін көрсететін алғашқы ірі сынақтардың бірі болмақ. Оның қозғалысы бұрынғыдай ширақ па? Соққысының қуаты сақталды ма? Ең маңыздысы – ол 2025 жылғы әлем чемпионы Жавохир Умматалиевке қарсы тұра ала ма?

Осы сұрақтардың жауабы Гуйяндағы рингте белгілі болады.

85 келіге дейін: Өзбекстан әлем чемпионын әкелді

85 келіге дейінгі салмақта Өзбекстан құрамасы 2025 жылғы әлем чемпионы Акмалжон Исроиловты жарысқа қосты.

Қазақстан бұл салмақта өтінімге боксшы енгізген жоқ.

90 келіге дейін: Нұрбек Оралбай мен Турабек Хабибуллаев

Бұл категориядағы ықтимал жекпе-жек қазіргі таңда әуесқой бокстағы ең қызықты айқастардың бірі болуы мүмкін.

Нұрбек Оралбай** — 2023 жылғы әлем чемпионы және Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері. Ол бұрын 80 келіге дейінгі салмақта табысты өнер көрсетті. Кейін 85 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионатында жеңіске жетіп, енді 90 келіге дейінгі ауырлау категорияда бағын сынауға бел буды.

Оны бұл салмақта Өзбекстанның мықты боксшысы Турабек Хабибуллаев күтіп тұр. Хабибуллаев та Париж Олимпиадасында 80 келіде жұдырықтасқан, ал кейін Ливерпульдегі әлем чемпионатында 90 келіге дейінгі салмақта қарсыластарын айқын басып озды.

Екі боксшы үшін де бұл турнирдің мәні жоғары. Оралбай жаңа салмақта бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеуі керек. Ал Хабибуллаев IBA-2025 әлем чемпионатының финалындағы жеңілісін кездейсоқ жағдай ретінде қалдыруға тырысады.

90 келіден жоғары: Айбек Оралбай мен Арман Маханов

Аса ауыр салмақта Қазақстан атынан Айбек Оралбай, Өзбекстаннан Арман Маханов сынға түседі.

Бұл екі боксшы сәуір айындағы Азия чемпионатының ширек финалында кездескен. Сол жекпе-жекте Айбек Оралбай сенімді жеңіске жеткен. Кейін ол этникалық қазақ қарсыласымен жұдырықтасудың психологиялық тұрғыдан оңай болмағанын айтқан.

Қытайдағы турнир Айбек үшін Азия ойындары алдындағы соңғы маңызды старттардың бірі болуы ықтимал. Ал Нагояда оны Өзбекстанның тағы бір мықты өкілі – Жахонгир Зокировпен кездесу күтіп тұруы мүмкін.

Реклама
Реклама