Ризабек Айтмұқан қатысқан беделді турнир жаппай төбелеспен аяқталды (ВИДЕО)

Жекпе-жек шолушысы
14.06.2026, 15:26

Қазақстандық балуан Ризабек Айтмұқан өнер көрсеткен Real American Freestyle лигасының кезекті турнирі күтпеген жанжалмен есте қалды.

instagram/@rafwrestlingusa

RAF турнирінде не болды?

Еркін күрестен халықаралық деңгейде танылып келе жатқан Real American Freestyle (RAF) лигасының турнирі АҚШ-тың Сент-Луис қаласында өтті. Жарыстың басты жекпе-жегінде БАӘ атынан өнер көрсететін Хамзат Чимаев пен америкалық Диллон Дэнис белдесті.

Кештің негізгі кездесуі ұзаққа созылған жоқ. UFC-дің орта салмақтағы бұрынғы чемпионы саналатын Чимаев алғашқы минуттың өзінде қарсыласын кілемге жығып, жауырынын жерге тигізді. Бірақ осы сәттен кейін жағдай ушығып кетті.

Айқас төбелеске ұласты

Белдесуден кейін Хамзат Чимаев орнынан тұрып, кілемде жатқан Диллон Дэнисті итеріп жіберді. Артынша оны аяғымен теуіп қалған. Төреші оларды ажыратуға тырысқанымен бірнеше секунд ішінде кілемге қос балуанның команда мүшелері жүгіріп шықты.

Осылайша турнирдегі басты кездесу жаппай төбелеске айналды. Әлеуметтік желіде тараған видеода командалар өкілдерінің бір-бірімен итерісіп, жұдырықтасып қалғаны байқалады.

Ризабек Айтмұқан алғашқы жеңісіне жетті 

Аталған турнирде қазақстандық жанкүйерлер үшін маңызды кездесу де өтті. Еркін күрес шебері Ризабек Айтмұқан америкалық Хайден Зиллмермен белдесіп, қарсыласынан басым түсті.

Бұл жеңіс Ризабек үшін Real American Freestyle лигасындағы алғашқы табысы болды. Қазақстандық балуан халықаралық аренадағы кезекті маңызды қадамын сәтті бастап, жанкүйерлерін қуантты.

Арман Царукян Тони Фергюсонды айқын жеңді

RAF 10 турнирінде басқа да танымал файтерлер кілемге шықты. Олардың қатарында UFC-дің үздік жеңіл салмақ өкілдерінің бірі, армениялық Арман Царукян да бар.

Царукян UFC-дің бұрынғы уақытша чемпионы Тони Фергюсонмен кездесіп, 10:0 есебімен сенімді жеңіске жетті.

Реклама
Реклама