Жәнібек Әлімханұлы жаңа салмақта бірден чемпионмен жұдырықтасуы мүмкін
Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы 2026 жылдың соңына дейін британиялық Хамза Ширазбен жекпе-жек өткізеді деген болжам айтылды.
Кәсіпқой бокс қауымдастығында Жәнібек Әлімханұлының кезекті қарсыластары туралы әңгіме күшейді. Әсіресе қазақстандық боксшының екінші орта салмаққа ауысатынын жариялағаннан кейін Хамза Ширазбен болатын ықтимал айқас жиі атала бастады.
Бокс контентінің авторы Tokkerü әлеуметтік желідегі парақшасында Жәнібек Әлімханұлы мен Хамза Шираз арасындағы жекпе-жек биыл өтуі мүмкін дейді.
"Болжам. Биыл біз Жәнібек Әлімханұлы мен Хамза Шираздың жекпе-жегін көреміз", — деп жазды ол.
Қазақстандық боксшы фаворит
Hamed Boxing талдаушысы бұл кездесуде Жәнібек Әлімханұлын фаворит ретінде көретінін айтты.
Ол орта салмақтағы нұсқада да қазақстандық боксшы Хамза Ширазға қарсы жекпе-жекте басым болатынын жеткізді.
Айта кетейік, Хамза Шираз қазіргі таңда екінші орта салмақтағы танымал боксшылардың бірі. Ол жуырда ғана Жиддада өткен кәсіпқой бокс кешінде титулын қорғаған болатын.