"Жұдырығым жекпе-жекті қалап тұр": Жәнібек Әлімханұлы рингті қатты сағынды
"Қазақ стилі" жаңа салмақта өнер көрсетуге дайындалып жатыр.
Рингті сағынып жүр
Кәсіпқой бокста 17 жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен Жәнібек Әлімханұлы Instagram желісіндегі парақшасында алдағы жоспарына қатысты жазба жариялады. Ол ұзақ үзілістен кейін жекпе-жек өткізуге деген құлшынысы жоғары екенін жеткізді.
“Жұдырығым жекпе-жекті қалап тұр. Рингті сағындым. Қарсыластарымды жарқын нокауттармен жеңген сәттерімді сағындым. Трибуналардың дүркіреген дауысын да сағындым. Мен жақында ораламын және бұл оралу күткенге тұрарлық болады”, – деп жазды Әлімханұлы.
Супер орта салмаққа ауысты
Бұған дейін Жәнібек Әлімханұлы супер орта салмақ дәрежесіне ауысатынын ресми түрде мәлімдеген. Бұл шешім оның мансабындағы жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді.
Әлімханұлы осыған байланысты орта салмақтағы WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағынан бас тартты. Оның бос қалған чемпиондық белбеуі кейінірек Дензел Бентлиге берілді. Бентлидің кәсіпқой бокстағы көрсеткіші – 22 жеңіс, үш жеңіліс және бір тең нәтиже. 18 кездесуін мерзімінен бұрын аяқтаған.
Дисквалификация қашан аяқталады?
Қазір Жәнібек Әлімханұлы допинг сынамасының оң нәтиже көрсетуіне байланысты дисквалификация мерзімін өтеп жатыр.
Жазасы 2026 жылдың желтоқсанында аяқталады. Осыдан кейін ресми жекпе-жектерге қатысуға мүмкіндік алады.
Әлімханұлының кәсіпқой рингтегі статистикасы – 17 жеңіс және 0 жеңіліс. 12 жекпе-жекті нокаутпен аяқтаған.
