Жарнама
Жарнама

Қазақстан дзюдодан әлем чемпионатының үшінші алтынын иемденді

Әділжан Жаудинов Эквадордың Гуаякиль қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.

Қазақстан дзюдодан әлем чемпионатының үшінші алтынын иемденді
IJF

Финалда ресейлік дзюдошыны жеңді

Қазақстандық дзюдошы 90 келіден жоғары салмақта сынға түсіп, әлем чемпионы атанды. Шешуші белдесуде ресейлік Абдулманаф Рамазановтан басым түсті. Рейтингтегі нәтижесіне байланысты Әділжан жарысты екінші айналымнан бастап, алғашқы белдесуінде жапониялық Кога Терукинадан басым түссе, ширек финалда бразилиялық Жозе Паулу Перейраны жеңді.

Жартылай финалда қазақстандық дзюдошы франциялық Азриэль Декенн Диффоны ұтып, финалға жолдама алған еді.

Бұл Қазақстан құрамасының Гуаякильдегі әлем чемпионатындағы үшінші алтыны болды. Бұған дейін Ғабит Расулхан (60 келіге дейін) мен Фатима Сұпығалиева (52 келіге дейін) өз салмақтарында чемпион атанған.

Қазақстан қоржынында 10 медаль бар

Әлемдік додада Қазақстанның үш дзюдошысы күміс медаль иеленді:

  • Әдия Жанахмет - 40 келіге дейін;
  • Әділжан Нұрбекен - 50 келіге дейін;
  • Інжу Жұмажан - 57 келіге дейін.

Қола жүлдеге Бекарыс Құдайберген (50 келіге дейін), Ахмет Баубек (60 келіге дейін), Ерік Үсенов (66 келіге дейін) және Еркен Бекәлі (73 келіге дейін) ие болды. Осылайша Гуаякильде өткен әлем чемпионатын Қазақстан құрамасы 10 медальмен аяқтап, жүлделер бойынша кестеде екінші орынға жайғасты.

Жарнама
Жарнама