Қаршыға Дәуітбек Жапониядағы даулы жекпе-жектің жеңімпазы деп танылды

Жарнама
Жарнама

Канадалық Verdict Scorecard статистикалық порталы Қаршыға Дәуітбек пен жапониялық Рен Хирамото арасындағы жекпе-жекке өз бағасын берді.

Қаршыға Дәуітбек Жапониядағы даулы жекпе-жектің жеңімпазы деп танылды
instagram/@d.karshiga

Verdict Scorecard жеңісті Дәуітбекке берді

Қаршыға Дәуітбек (19-3) пен Рен Хирамото (4-3) Жапонияның Осака қаласындағы Super RIZIN 5 турнирінде кездесті. Үш раундқа созылған тартысты жекпе-жектің қорытындысында төрешілердің бөлек шешімімен жапониялық жеңімпаз атанды.

Бірақ Verdict Scorecard сарапшыларының есебі ресми нәтижемен сәйкес келмеді.

"Рен Хирамото кештің әзірге ең үздік жекпе-жегінде Қаршыға Дәуітбекті төрешілердің бөлек шешімімен жеңді. Дегенмен Verdict Scorecard есебі бойынша жеңіс Дәуітбекке тиесілі. Жекпе-жектің тағдыры үшінші раундта шешілді", — деп жазды портал.

Қарсыласын нокдаунға түсірді

Дәуітбек алғашқы раундта айқын басымдық танытып, Хирамотоны нокдаунға жіберді. Қазақстандық спортшы жекпе-жектің басым бөлігінде белсенді қимылдап, ұпай саны бойынша алда келе жатқандай әсер қалдырды.

Соған қарамастан үш төрешінің екеуі жеңісті жапониялық файтерге берді. Бұл шешім жанкүйерлер мен сарапшылар арасында қызу пікірталас туғызды.

Ресми нәтиже Қаршыға Дәуітбектің қатарынан 11 жекпе-жекке созылған жеңісті сериясына нүкте қойды.

Жарнама
Жарнама