Қазақстан қоржынына тағы бір алтын түсті: Софья Берульцева Жапонияда жарқырады
Қазақстандық каратэші Софья Берульцева Жапонияда XX жазғы Азия ойындарының чемпионы атанды.
Финал 8:0 есебімен аяқталды
2020 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері Софья Берульцева 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында таиландтық Маниван Бутсуванмен кездесті.
Қазақстандық каратэші жекпе-жектің алғашқы сәттерінен-ақ тізгінді қолына алды. Берульцева дәл соққыларының арқасында ұпай санын біртіндеп арттырып, 8:0 есебімен алға шықты. Айқын басымдыққа байланысты төреші кездесуді мерзімінен бұрын тоқтатты.
Қазақстанның төртінші алтыны
Софья Берульцеваның жеңісінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынындағы алтын медаль саны төртке жетті. Сонымен қатар ұлттық құрама спортшылары екі қола жүлде еншіледі.
Берульцева — Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, 2022 жылғы Азия ойындарының чемпионы және 2025 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Бұған қоса, қазақстандық каратэші Азия чемпионатында үш рет топ жарған.
Айта кетейік, Айти мен Нагояда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындары 4 қазанға дейін жалғасады.