Әлімханұлы - "Канело". Мексикада ықтимал айқас талқыға түсті
Алайда мұндай кездесудің өтуі ең алдымен промоутерлік келіссөздерге тәуелді екені айтылды.
Мексикалық El Siglo de Durango басылымы қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы мен Сауль "Канело" Альварес арасындағы ықтимал жекпе-жекке қатысты пікір білдірді.
Басылымның жазуынша, Жәнібек үшін дәл қазіргі кезең екінші орта салмаққа көтерілуге қолайлы уақыт болуы мүмкін.
Басылымның мақаласында Әлімханұлының қазіргі таңда бабында екені, алайда орта салмақта ірі жекпе-жек ұйымдастыру қиын болып жатқаны айтылады. Сондықтан автор "Қазақ стилінің" екінші орта салмаққа ауысып, жаңа деңгейдегі қарсыластармен кездесуі мансабына серпін беруі мүмкін деп есептейді.
"Тактикалық дуэль болуы мүмкін"
El Siglo de Durango ықтимал айқасты стильдер қақтығысы ретінде сипаттайды.
Басылым "Канелоның" дәл қарымта шабуылдары мен Жәнібектің сол қолымен жасайтын қауіпті соққылары жекпе-жектің негізгі интригасына айналуы мүмкін деп жазады.
Сонымен қатар қазақстандық боксшыға екінші орта салмаққа бейімделу үшін бұлшықет массасын арттырып, Альварестің физикалық қуатына дайындалу қажет болатыны айтылады.
"Әлімханұлы танымалдық үшін өз жағдайын тәуекелге тігеді, ал мексикалық боксшы әлемдегі ең көп айналып өтетін қарсыластардың бірімен кездеседі", – деп жазады басылым.
Жекпе-жек келіссөздерге байланысты
Материалда мұндай кездесудің өтуі ең алдымен промоутерлік келіссөздерге тәуелді екені айтылған.
Жекпе-жек ұйымдастырылуы үшін Top Rank пен Canelo Promotions арасында ортақ мәміле қажет.
Әзірге тараптар арасында ресми келісім жарияланған жоқ.