Жарнама
Жарнама
Қазақ қызы Еуропа біріншілігінде жүлде алды
instagram.com/medenova_s1/

Қазақ қызы Еуропа біріншілігінде жүлде алды

Тегі қазақ ресейлік боксшы Салтанат Меденова Софиядағы Еуропа чемпионатында қола медаль жеңіп алды.

Финалға бір қадам жетпей тоқтады

Салтанат Меденова 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің жартылай финалында ирландиялық Аоифе О’Руркпен жұдырықтасты. Тартысты өткен кездесудің қорытындысында төрешілер жеңісті ирландиялық боксшыға берді. Осылайша Меденова финалға өте алмай, Еуропа чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Меденова жарысты сәтті бастаған еді. 1/8 финалда ағылшындық Мэри-Кейт Смиттен басым түсті. Ал ширек финалда испаниялық Альма Гарсия Адаманы жеңіп кетті.

Меденованың жетістіктері

Тегі қазақ боксшы бұған дейін де халықаралық және Ресей ішіндегі жарыстарда жоғары нәтижелер көрсеткен.

Меденова:

  • Ресейдің төрт дүркін чемпионы – 2021, 2023, 2024 және 2025 жылдары;
  • 2025 жылғы әлем чемпионы;
  • 2024 жылғы БРИКС елдері спорт ойындарының жеңімпазы;
  • жастар мен жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионаттарының үш дүркін жүлдегері.

Енді оның жүлделер қатарына World Boxing аясындағы алғашқы Еуропа чемпионатының қола медалі қосылды.

Софиядағы турнир тарихқа енді

Болгария астанасындағы жарыс World Boxing ұйымының қамқорлығымен алғаш рет ұйымдастырылған Еуропа чемпионаты ретінде тарихта қалмақ.

Сонымен қатар бұл турнир Ресей құрамасының халықаралық аренаға ресми түрде қайта оралуымен де ерекшеленді. Ресейлік боксшылар Софиядағы жарыста ұлттық ту, форма және әнұранды пайдаланып өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды.

Жарнама
Жарнама