Олимпиада чемпионы Қазақстанға алтын медаль ұстатпады
Қазақстандық балуан Эльмира Сыздықова Жапониядағы Азия ойындарында күміс жүлдегер атанды.
Финалда Юка Кагамимен кездесті
34 жастағы Сыздықова алтын медаль үшін белдесуде **Париж-2024 Олимпиадасының чемпионы Юка Кагамиге** қарсы шықты. Шешуші кездесуде жапониялық балуан 5:1 есебімен жеңіске жетті. Осылайша Эльмира жарысты күміс медальмен аяқтады.
Бұл салмақтағы белдесулер 2 қазанда Нагоядағы "Инаэ" спорт орталығында өтті.
Қазақстандық балуан финалға шығу үшін екі қарсыласын жеңді. Ширек финалда моңғолиялық Даваанасан Энх-Амармен күресті. Есеп 4:1 болып тұрған сәтте Элмира қарсыласының жауырынын кілемге тигізіп, таза жеңіске жетті. Жартылай финалда қытайлық Ли Вэньцзимен тартысты белдесу өткізді. Сыздықова 9:8 есебімен басым түсіп, финал жолдамасын иеленді.
Кагами – Олимпиада және әлем чемпионы
Юка Кагами 76 келіге дейінгі салмақта 2024 жылғы Олимпиада мен 2023 жылғы әлем чемпионатында топ жарған.
Сондай-ақ оның еншісінде:
- 2022 жылғы әлем чемпионатының қола медалі;
- 2019 жылғы Азия чемпионатының алтыны – 72 кг;
- 2022 жылғы Азия чемпионатының күмісі – 76 кг бар.
Эльмира Сыздықованың жүлдесі Қазақстан құрамасының Азиада-2026 додасындағы 21-ші күміс медалі болды.