Едіге Қасымбек камбэк жасап, Азиаданың жеңіс тұғырына көтерілді
19 жастағы қазақстандық балуан Азиада-2026 додасында қола жүлдегер атанды.
Қарсыласына қатарынан 12 ұпаймен жауап берді
Қасымбек еркін күрестен 125 келіге дейінгі салмақта түрікменстандық Шамухамет Сапаровты 14:4 есебімен жеңді. Сапаров – U23 Азия чемпионы.
Қазақстандық балуан бастапқыда 2:4 есебімен ұтылып жатты. Бірақ белдесу барысын өзгертіп, қарсыласына ұпай берместен қатарынан 12 ұпай еншіледі. Кездесу 14:4 есебімен аяқталып, Қасымбек алғашқы Азия ойындарында жүлдегер атанды.
Бұл – Қазақстан ерлер құрамасының осы Азиададағы еркін күрестен екінші қола медалі. Бұған дейін Начын Куулар үздік үштікке енген.
Едіге жартылай финалда ирандық танымал балуан Амир Зареден жеңіліп, алтын үшін күресу мүмкіндігінен айырылған. Дегенмен жас боз кілем шебері қола жүлде үшін кездесуде жеңіске жетіп, Жапониядағы жарысты медальмен аяқтады.
Едіге Қасымбектің негізгі жетістіктері
Түркістан облысында туған 19 жастағы Едіге Қасымбек жасөспірімдер мен жастар арасындағы халықаралық жарыстарда бірнеше рет топ жарған.
Оның басты нәтижелері:
2022 жыл: U17 Азия чемпионатының қола жүлдегері – 110 кг;
2023 және 2024 жылдар: U17 Азия чемпионы және U17 әлем чемпионатының күміс жүлдегері – 110 кг;
2025 жыл: U20 Азия және әлем чемпионы – 125 кг;
2026 жыл: ересектер арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері, Mongolia Open турнирінің күміс жүлдегері және Будапешттегі халықаралық турнирдің жеңімпазы – 125 кг.
Қазақстанның халықаралық дәрежедегі спорт шебері 125 келі салмақта әлемдік рейтингтің 12-орнында тұр.