Жарнама
Жарнама
"Дайын болсаң, айта салшы": Жәнібек Әлімханұлы "Канелоны" жекпе-жекке шақырды
instagram/@kazproboxing

"Дайын болсаң, айта салшы": Жәнібек Әлімханұлы "Канелоны" жекпе-жекке шақырды

Жәнібек Әлімханұлы мексикалық Сауль "Канело" Альвареске мамыр айында титулдарды біріктіру жекпе-жегін өткізуді ұсынды.

Жәнібек "Канелоға" не деді?

Кәсіпқой рингте жеңіліп көрмеген Әлімханұлы бұған дейін де Альвареспен жұдырықтасуға ниетті екенін бірнеше рет айтқан. Мексикалық боксшы бұл шақыруларға жауап бермегенімен, оның елінде ықтимал жекпе-жек талқылана бастаған.

Бұл жолы Жәнібек X әлеуметтік желісіндегі Канелоның соңғы жекпе-жегін Мексикада өткізгісі келетіні туралы жазбаға пікір қалдырды.

"Мексикалық жанкүйерлерім көп. Мексиканы жақсы көремін. Жақында екеумізде де чемпиондық белбеу болады. Мамырда титулдарымызды біріктірейік. Қашан дайын болатыныңды айт, мен әрдайым дайынмын", — деп жазды Әлімханұлы.

Әлімханұлы — "Канело" жекпе-жегінің шарты қандай?

Мексикалық БАҚ пікірінше, Альвареспен кездесуге мүмкіндік алу үшін қазақстандық боксшы алдымен екінші орта салмақта әлем чемпионы атануы керек.

Қазір Әлімханұлы осы дивизиондағы бос WBO белбеуінің міндетті үміткері саналады. Бастапқыда ол титул үшін британдық Хамза Ширазбен жұдырықтасуы тиіс болған. Бірақ Шираз Жәнібекпен кездесудің орнына белбеуге таласудан бас тартқан.

Енді WBO мен промоутерлер Әлімханұлы және даниялық Якоб Банк өкілдерімен келіссөз жүргізіп жатыр.

"Канелоның" келесі қарсыласы кім?

Альварес былтыр Теренс Кроуфордтан төрешілер шешімімен жеңіліп, чемпиондық атақтарынан айырылған. Қазір оның еншісінде әлем чемпионы белбеуі жоқ.

Мексикалық боксшының келесі кездесуі 31 қазанға жоспарланған. Ол франциялық Кристиан Мбиллимен екінші орта салмақтағы WBC титулы үшін жұдырықтасады.

Чемпиондық белбеулері болмаса да, "Канелоның" жекпе-жектері көрермендер тарапынан үлкен қызығушылық тудырып, қомақты табыс әкеліп келеді.

Альварес пен Головкиннің трилогиясы

36 жастағы Сауль Альварес — әлем боксындағы ең танымал спортшылардың бірі. Ол бірнеше салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, екінші орта салмақта абсолютті әлем чемпионы атанған.

Канело кәсіпқой рингте 68 кездесу өткізіп, 63 рет жеңіске жеткен. Оның 39-ын мерзімінен бұрын аяқтаған.

Альварестің мансабындағы басты қарсыластарының бірі — Геннадий Головкин. Олар 2017–2022 жылдар аралығында үш рет кездесіп, барлық жекпе-жекте толық қашықтықты өткізді. Алғашқы айқас тең аяқталса, кейінгі екеуінде төрешілер жеңісті "Канелоға" берді.

Жарнама
Жарнама