Бас бапкер Назым Қызайбайдың құрамаға қашан оралатынын мәлімдеді

Редактор Penalty.kz
22.09.2024, 21:53

«Мықтылар турнирінен» Назым Қызайбай шет қалады

ҰОК

Қазақстан әйелдер боксынан ұлттық құраманың бас бапкері Елдос Сайдалин Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбайдың командаға қашан қайта қосылатынын хабарлады.

23 қазанда Қарағандыда өтетін республикалық «Мықтылар турнирінде» Назым Қызайбай өнер көрсетпейді. Олимпиададағы табысынан кейін ол екі айға жуық демалыс алған.

"Назым Қызайбай бұл турнирге қатыспайды. Ол ұлттық құрамамен бірге жаттығуға 6 қазан күні қосылады. Парижден келгеннен кейін қысқа мерзімге демалыс алған болатын", – деп түсіндірді Елдос Сайдалин Қазақпаратқа берген сұхбатында.

Қарағандыдағы бұл турнир әйелдер құрамасы үшін Париж Олимпиадасынан кейінгі алғашқы маңызды жарыс болмақ. Осы сайыста 12 салмақ дәрежесінде үздік шыққан боксшылар қараша айының соңында Иорданияда өтетін Азия чемпионатына қатысады деп жоспарлануда.