Орта салмақта IBF және WBO чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 11 KO) келесі қарсыласы франциялық Анауэль Нгамиссенгенің (14-0, 9 KO) әлсіз жақтарын байқағанын мәлімдеді.
5 сәуір күні Әлімханұлы Астана қаласында жекпе-жек өткізеді. Қарсыласы – IBF рейтингінде жетінші орында тұрған жеңілмеген француз боксшысы.
“Мен оның әуесқойлар арасындағы жекпе-жектерін, сондай-ақ Олимпиада ойындарындағы өнерін көрдім. Ол өз дағдыларын жақсы көрсетті. Қазір кәсіпқой бокста үздік ондыққа кіріп отыр. Соңғы жекпе-жегінде де мықты өнер көрсетті. Бірақ негізгі әлсіздігі – оның баяу қозғалуы. Сондықтан біз айқасты жоғары қарқында өткіземіз, – деді Жәнібек.
Жәнібек пен оның менеджері Берік Сұлтанның айтуынша, орта салмақтағы чемпиондар Әлімханұлымен жекпе-жектен бас тартуды жалғастырса, ол жоғары салмаққа көшуге дайын. Әсіресе Дэвид Бенавидес (30-0, 24 KO) және Сауль “Канело” Альварес (62-2, 39 KO) секілді атақты боксшылармен айқасуға ұсыныс түсетін болса.
“Егер бізге «Канеломен» жұдырықтасу туралы ірі ұсыныс түссе, онда 5 сәуірдегі жекпе-жектен бас тартар едік”, – деді Берік Сұлтан AZAMAT SPORT YouTube арнасына берген сұхбатында.