Белгілі қазақстандық боксшы Айдос Ербосынұлы (16-1, 11 КО), WBO Global және WBC Asian титулдарының иегері, сондай-ақ WBA нұсқасы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы белбеуіне үміткер болған спортшы, кәсіби мансабына қайта оралуы жайлы айтты.
Жаркенттік спортшы өз мансабын жалғастыру туралы қазақстандық жанкүйерлерге жағымды жаңалықпен қуантатынын жеткізді. Бұл туралы ол Sportnews.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.
"Соңғы жекпе-жегімнен бері біраз уақыт өтті. Белгілі бір жоспарларым бар, оларды ой елегінен өткізіп жатырмын. Жақында кәсіби мансабыма қатысты маңызды мәлімдеме жасаймын. Ин ша Аллах, жақсы жаңалық күтіңіздер", – деді Айдос Ербосынұлы.
Ербосынұлы профи рингте 17 жекпе-жек өткізіп, 16 кездесуде жеңіске жеткен. Оның 11 қарсыласы нокаутқа түскен. Мансабы барысында Айдос АҚШ, Беларусь, Австралия, Ресей, Украина және Қазақстанда өнер көрсетті.