Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) Адамес командасына Мейірім Нұрсұлтановқа қарсы жекпе-жек өткізу туралы ресми хабарлама жіберді.
Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында орта салмақта WBC чемпионы доминикандық Карлос Адамес пен британдық Хамза Шираз арасында жекпе-жек өтті.
Кездесу аса тартысты болмады және барлық 12 раундқа созылды. Төрешілердің шешімі бойынша жекпе-жек тең аяқталды: 115-114 (Шираз), 118-110 (Адамес) және 114-114.
WBC ұйымы жекпе-жек алдында-ақ Адамес командасына қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтановқа қарсы міндетті титулдық кездесу өткізу туралы ескерту жіберген болатын. Бірақ бұл кездесу кейінге қалдырылды. Енді Карлос Адамес міндетті түрде қазақстандық боксшымен рингке шығуға мәжбүр болады.