Амманда (Иордания) өтіп жатқан Азия чемпионатының алғашқы күнінде Қазақстан әйелдер құрамасының бес балуаны бозкілемге шықты. Өкінішке қарай ешқайсысы жүлделі орынға жете алмады.
ҚР әйелдер құрамасының бас бапкері Қайрат Сағадиев спортшылардың бұл нәтижесін төмен бағалап отыр.
"50, 55, 59, 68 және 76 келі салмақта бес балуанымыз күресті. Бірде-бірі жүлдеге ілікпеді. Қола медаль үшін белдескен балуандарымыздың арасында Светлана Анкичева моңғол спортшысына, Ирина Казюлина (68 кг) — үндістандық балуанға, ал Гүлдана Бекеш (59 кг) — қытай қызына жол берді. Бәрі де өз мүмкіндіктерін толық көрсете алмады. Мүмкін, бұл психологиялық сенімсіздікке байланысты болар. Кешенді техникалық, тактикалық және физикалық дайындық жоспарға сай өтті. Ал тәжірибелі балуан Эльмира Сыздықова (76 кг) кореялық қарсыласымен күресте жіберген қателіктері салдарынан жеңіліс тапты", — деді Сағадиев.