
Бразилия футбол конфедерациясы ресми түрде итальян маман Карло Анчелоттидің ұлттық құраманы жаттықтыратынын мәлімдеді.
65 жастағы Анчелотти бұрынғы бапкер Доривал Жуниордың орнын басады. Жуниор 2024 жылдың қаңтарында қызметіне кіріскен. Бірақ наурыз айында қызметінен босатылды.
Бразилия футбол федерациясы бұл шешімді құрама нәтижелерінің күткен деңгейден төмен болуы және алдағы ірі турнирлерге тың серпін қажет екендігімен түсіндірді.
Қазір Бразилия құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде 14 ойыннан кейін 21 ұпаймен төртінші орында тұр.
Айта кетейік, бұл команда – футбол тарихындағы ең табысты ұлттық құрамалардың бірі. Бразилия бес мәрте әлем чемпионы атанған: 1958, 1962, 1970, 1994 және 2002 жылдары.
Карло Анчелотти – әлемдік футболдағы ең беделді бапкерлердің бірі. Оның басшылығымен әртүрлі клубтар чемпиондар лигасын, ұлттық чемпионаттарды және көптеген беделді турнирлерді жеңіп алған.