
Қазақстан жасөспірімдер құрамасы (19 жасқа дейін) футзалдан 2025 жылғы Еуропа чемпионатының негізгі іріктеу кезеңінде Португалиядан ұтылды. Гондомар қаласындағы матч 3:1 есебімен аяқталды.
Ойын басталғаннан-ақ португалиялықтар басымдық танытты. 14-ші және 33-ші минуттарда Афонсу Моуринья дубль жасап, командасын алға шығарды. 38-ші минутта Леонилду Балде пенальтиден мүлт кетпей, үшінші голды тіркеді.
Қазақстан сапынан жалғыз голды 32-ші минутта Семен Тарасенко пенальтиден соқты.
Бұл жеңістің арқасында Португалия құрамасы екі ойында алты ұпай жинап, топ басына шықты. Ал Қазақстан құрамасы әзірге ұпай иелене алмады.
Еске сала кетейік, бұған дейінгі матчта қазақстандықтар Францияға да 1:3 есебімен жол берген. Ал Португалия алғашқы ойында Беларусьті 9:2 есебімен тас-талқан етті.