Формула–1 жанкүйерлері оны "Mad Max" деп атайтын. Қайратты, ызалы, бір сәттік ашу үстінде қарсыласымен жағаласа кетуге дайын Макс Ферстаппен енді жоқ сияқты. Оның орнын сабырлы, ойлы, тіпті қарсыласын жұбата алатын адам басты. Бұл өзгеріске не себеп?
Макс Ферстаппен — Нидерландтың Формула – 1 чемпионы, Red Bull командасының басты жұлдызы. Бұрын "Қаһарлы Макс" атанған ол агрессивті стилімен, жанжалдарымен танылған: Оконмен итерісіп, Расселге қоқан-лоққы жасаған кездері бар. Алайда соңғы уақытта мінезі өзгеріп, сабырлы, ұстамды бола бастады. 2025 жылы алғаш рет әке атанып, өмірге деген көзқарасы өзгергені байқалады.
Red Bull командасының жетекшісі Кристиан Хорнердің алдын ала айтқаны расқа айналды: "Үмітіміз – алғашқы үш бұрылыстан аман өту". Аустрия Гран-приінде Макс жетінші орыннан бастады және әдеттегідей алдыңғы қатарда болмады. Үшінші бұрылыста ол "Мерседес"пилоты Кими Антонеллимен соқтығысып, жарысты ерте аяқтады. Бұл – оның бесінші чемпиондыққа талас үмітіне ауыр соққы болды. Бірақ, таңғаларлығы – бұндай жағдайда ашуға мініп, бұрынғыдай ашулы сұхбат бермеді.
Макс бұрынғыдай эмоциямен емес, сабырмен әрекет етті. Машинадан түскен бетте Антонеллиге жақындап, оның сөзін тыңдап, тіпті иығынан қағып жұбатты. Бұл – Макстің мінезіндегі елеулі өзгеріс.
"Оның мені соққаны анық еді. Бірақ мен тек ‘Не болды?’ деп сұрадым. Мұндай жағдайлар бәріміздің басымыздан өтеді. Кими – дарынды спортшы, бәрі дұрыс, " – деді Ферстаппен.
Кими Антонелли өз кінәсін бірден мойындап, Макс пен командадан кешірім сұрады:
"Бәрін бұзған мен. Бұл менің кінәм. Өте өкінішті".
Дегенмен стюардтар (бақылаушылар) мұндай кешірімділік танытпады: Кими алдағы Сильверстоун жарысында үш орындық айыппен бастайды.
Жарыстағы бұл соқтығыс тек бір пилоттың емес, тұтас команданың мәселесіне айналды. Red Bull үшін бұл – 77 жарыстан кейінгі бірінші рет ұпайсыз қалған Гран-при болды. Ал Макс болса, жалпы есепте көш бастап тұрған Пиастриден 61 ұпайға қалып қойды. Осыдан кейін ол:
"Тақырып (чемпиондық) жайлы енді ойламаймын", – деп мәлімдеді.
Бірақ ол болашақ жайлы ойлауда. Макс Red Bull-мен 2028 жылға дейін келісімшартта болғанымен, одан ерте кетуге мүмкіндік беретін баптар бар. Оны өз командасына тартқысы келетіндер көп. Чемпиондықтан үмітін үзген Макс Red Bull-дан кетуі мүмкін деген сыбыстар да күшейіп келеді — Mercedes пен Aston Martin оны өз командасына тартуға дайын. Сонымен қатар GT жарыстарына қызығушылық танытып, жеке команда ашқан. Red Bull-дың қазіргі ішкі қиындықтарын ескерсек, ол жақын арада жаңа бағыт таңдауы мүмкін.