F1 жанкүйерлері тағы да жаңбыр салдарынан жарыстың тоқтатылуына куә болды — бұл спорттың қауіпсіздік пен технология арасындағы тепе-теңдікті таба алмай отырғанының белгісі.
2025 жылғы Бельгиядағы Гран-при көрермендері жарыстың басталуын бір сағаттан астам күтуге мәжбүр болды. Мұның себебі – жарыс алдындағы қатты жауын. Бұл – соңғы жылдары «Формула-1»-де жиі қайталанып жүрген жағдай. Трасса сәл дымқылданса, жарыс тоқтатылуы немесе мүлде басталмауы мүмкін. Жанкүйерлер арасында бұл үрдіске наразылар артып келеді. Бірақ неге чемпионат қатерге бел байлаудан бас тартады?
Иә, жаңбырлы ауа райына арналған көк түсті арнайы шиналар бар. Алайда олар көп жағдайда тиімділігін көрсете алмады. 2022 жылдан бастап қолданысқа енген 18 дюймдік жаңа шиналар суды жақсы ығыстырғанымен (секундына 85 литрге дейін), олардың ені 2017 жылғы нұсқамен салыстырғанда (325 мм → 405 мм) әлдеқайда кең. Бұл трассада су шлейфтерінің көлемін арттырып, жүргізушілер үшін көріну мүмкіндігін күрт нашарлатады.
2022 жылдан бері болидтердің аэродинамикасы толығымен граунд-эффектке негізделген. Яғни көлік төменгі қысым арқылы трассаға «жабысып», жылдамдығын арттырады. Бірақ бұл тәсіл судың жоғары қарай шашырауын да еселеп арттырады — тек шиналардан емес, диффузордан да. Нәтижесінде алдыңғы көлікті көру мүмкін болмай қалады.
Мысалы, Сильверстоунда өткен жарыста Изак Аджар жаңбыр кезінде трассадан шығып кетті. Ол тіпті толық жаңбыр шинасында емес, аралық шиналармен жүрген. Егер толық жаңбырлық шиналар қолданылса, жағдай одан да қиын болуы мүмкін еді.
Қазіргі болидтер өте төмен, яғни жолға тым жақын орналасқан. Сондықтан сәл ғана су болса – көлік аквапланингке ұшырап, жүргізуші оны мүлде басқара алмай қалады.
Иә, трассаны кептіруге арналған арнайы техникалар бар. Бірақ бұл барлық жағдайда тиімді емес. Спа-Франкоршам трассасы – күнтізбедегі ең ұзын (7004 метр), әрі биіктік айырмашылықтары өте үлкен. Кейбір секторлар тез кебеді, ал таулы аймақтар – мысалы «О Руж» пен «Радийон» ұзақ уақыт ылғалды күйінде қалады.
Оскар Пиастри жарыс алдындағы жағдай туралы: «О Руж бөлігінде бәрі жаман емес еді, бірақ келесі түзу бөлік әлі де өте қауіпті жағдайда болды», – деді.
Әрине, 1998 жылғы Бельгия Гран-приі – көптің есінде. Жаппай соқтығыстар болды, бірақ жарыс жалғасты. Дегенмен, ол заманда командалар жарысқа бірнеше қосалқы болид алып келетін. Ал бүгінде әр пилотта бір ғана көлік бар — бүлінсе, жарысты жалғастыру мүмкін емес. Сонымен қатар қазіргі болидтер әлдеқайда ірі, шиналары кең әрі граунд-эффекті бар – бұл да көрінуді нашарлатады.
Қазіргі таңда ФИА қауіпсіздікке басымдық беріп отыр. Бұрын тек өте төтенше жағдайда ғана жарыс тоқтатылатын. Қазір болса, жауын көп болса — жарысты бастамай қоюы да мүмкін. Бұл қауіпсіздік жағынан орынды, бірақ көрермендер үшін және спорттың тартымдылығы үшін бұл шешімнің кері әсері бар.
ФИА бұл мәселенің маңыздылығын түсініп отыр және шешу жолдарын зерттеуде. Солардың бірі – тек жаңбырлы ауа райында қолданылатын шиналар үстіне қойылатын су шашырауына қарсы қалқан.
2023 жылы оларды алғаш болып «Макларен» мен «Мерседес» сынап көрді, ал 2024 жылы «Феррари» тестілеуді жалғастырды. Алайда нәтиже көңіл көншітпеді.
«Хаас» командасының жүргізушісі Оливер Беарман былай деді: «Көріну сәл жақсарғандай болды, бірақ мәселе шешілген жоқ. Біз су шашырауына қарсы қалқандардың түрлі пішіндерін сынап көрдік. Бірақ шиналарды толық жауып тастасақ, олар қажетті температураға дейін қызбайды».
2026 жылдан бастап жаңа техникалық регламент күшіне енеді. Болидтер шағындалып, граунд-эффекттен бас тартылуы мүмкін. Бұл – жаңбырлы жарыстардың қайта оралуына үміт береді. Бірақ әзірге «Формула-1» жауын-шашынды күндерден қашатын спорт болып қала береді.