Келер жылы Мельбурндегі Австралия Гран-приінде алғаш рет Оскар Пиастриге арналған трибуна ашылады. Бұл туралы McLaren командасының жас пилоты жанкүйерлерге арнаған бейнеқұттықтауында хабарлады.
Жаңа сектор пит-лейннің тура қарсысында, әйгілі "Фанхио трибунасына" қосымша ретінде орналаспақ. Осы жерден жанкүйерлер старт-финиш сызығын және McLaren гаражын толық тамашалай алады.
Оскар өз қуанышын жасырған жоқ:
"Австралия Гран-приінде жеке трибунам болатынына өте қуаныштымын. Бұл – жанкүйерлерімнің үлкен қолдауы. Наурызда бәрін өз көзіммен көруге асықпын", – деді Пиастри.
Сондай-ақ ол балалық шағын еске алып, Альберт-парктағы алғашқы әсерлерін айтты:
"Кішкентай кезімде трасса маңында жүріп, машиналардың дүрсілін тыңдайтынмын. Енді сол жерде өз трибунамның болуы – керемет сезім".
Australian Grand Prix Corporation атқарушы директоры Трэвис Олд Пиастридің прогресін жоғары бағалап, оның қысқа уақытта үлкен жетістікке жеткенін атап өтті:
"Оскар картингтен бастап F3, F2 арқылы өтіп, қазір Формула-1-де өнер көрсетіп жүр. Оның туған қаласындағы жарыста осындай трибунаның ашылуы – мансаптағы керемет жетістіктерін мойындаудың тамаша жолы".
Формула-1-дің бұрынғы пилоты, қазір Пиастридің менеджері Марк Уэббер де бұл жаңалықты зор қуанышпен қарсы алды:
"Бұл – әрі Австралия Гран-приі үшін, әрі Оскар үшін керемет жаңалық. Ол өзінің мансабының ерте кезеңінде-ақ үлкен нәтижелерге жетті: бірнеше рет подиумға көтерілді, жарыстарда жеңіске жетті. Әбден лайық құрмет. Оскар өзін Формула-1 деңгейінде сенімді сезінеді және Австралияны лайықты түрде таныстырып жүр", – деді Уэббер.
Айта кетейік, 2026 жылғы Формула-1 чемпионаты дәл осы Австралияда басталады. Жарыс 5–8 наурыз күндері өтеді. Ал билеттердің сатылымы 10 қыркүйекте басталатыны ресми түрде жарияланды.