Танымал әнші Нұрболат Қанай өзінің шығармашылық жолының басындағы қиын сәттерді есіне алды. Әнші алғашқы концертін ұйымдастырған жылдары қаржылық қиындықтарға тап болғанын жасырмай айтты.
"Қызық LIVE" Бағдарлама студиясына келген Қанай мен Еркеш Хасен жуырда ғана бірге жазған "Ханшайым" атты жаңа әндерінің тұсауын кесіп, тыңдарман алдында алғаш рет екінші дуэтін орындады. Екі өнерпаз алдағы уақытта бірлесіп гастрольдік сапарға шығуды жоспарлап отырғандарын мәлімдеді.
"Бұйырса, бірге концерттік турға шығамыз. Әзірге нақты күндер бекітілген жоқ. Құрметті тыңдармандар, жақында сіздердің қалаларыңызға келіп қалуымыз мүмкін. Кездескенше!" — деді Еркеш Хасен.
Эфир барысында Нұрболат Қанай алғашқы концертін ұйымдастырған сәттегі қиындықтарды шынайы түрде баяндады. Ол уақытта жолақыға ақшасы болмағанын, концертті өткізу үшін қажетті қаражаттың жеткіліксіз болғанын айтты. Осы тұста оған қол ұшын созған тележүргізуші Марат Оралғазинге ерекше алғысын білдірді.
"Марат аға, сізге шын жүректен алғысымды айтамын! Ең алғашқы концертіме қолдау білдіргеніңіз үшін ризашылығым шексіз. Ол кездері автобуста жүруге ақша таппай, жаяу жүретінмін. Концерт ұйымдастыру барысында да қаржы жетіспей, сіз көмектестіңіз. Алла разы болсын!" — деді Нұрболат Қанай.