Қазгидромет мамандары жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді ауа райының қолайсыздығына байланысты сақ болуға шақырды.
12 қараша күні Қазақстанның бірнеше өңірінде қар, жаңбыр, көктайғақ пен боран күтіледі. Қазгидромет мамандары жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді ауа райының қолайсыздығына байланысты сақ болуға шақырды.
Қазгидромет мәліметінше, бүгін еліміздің көп облысында жауын-шашын, көктайғақ және тұман болады. Кей өңірлерде желдің екпіні 20–25 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Түнгі және таңертеңгі уақытта жолдағы көрініс нашарлап, қозғалыс қиындайды.
Ұлытау облысында түнде және таңертең жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ пен төменгі боран күтіледі. Жезқазғанда желдің екпіні 20 м/с, ал кей жерде жолдарда мұз қатып, көлік қозғалысына қауіп төнеді.
Қарағанды облысында да жағдай ұқсас: түнде және күндіз жауын-шашын мен көктайғақ болжанып отыр. Қарағанды қаласында желдің екпіні 20 м/с шамасында.
Ақмола облысында түн мен күндіз қар мен көктайғақ болады. Батыс пен оңтүстікте тұман түсіп, Көкшетауда таңертең жолдар тайғақ, желдің жылдамдығы 20 м/с.
Астанада да ауа райы күрт бұзылып, түнде және таңертең көктайғақ пен екпінді жел (20 м/с) күтіледі.
Шығыс Қазақстан облысында күндіз қар мен көктайғақ, ал түнде және таңертең тұман басуы ықтимал. Өскеменде желдің күші 25 м/с дейін жетеді.
Абай облысында түнде солтүстік-батыста жауын-шашын мен көктайғақ, күндіз бүкіл аймақ бойынша тайғақ жолдар мен қатты жел күтіледі. Семейде жел екпіні 25 м/с.
Алматы облысында жел 20 м/с, ал Қонаев қаласында 18 м/с шамасында соғады.
Сондай-ақ Қызылорда, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, және Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарының кей аудандарында түнде және таңертең тұман түседі.
«Қазавтожолдың» хабарлауынша, 11 қараша сағат 19:30-дан бастап ауа райының қолайсыздығына байланысты «Астана–Қарағанды–Алматы» тас жолында жүк және қоғамдық көліктерге қозғалысқа шектеу қойылды. Ақмола облысында Жібек Жолы АЕК-тен Қарағанды облысы шекарасына дейінгі (30–92 км) және кері бағытта жол жабық.
Мамандар жүргізушілерге жолға шықпас бұрын ауа райын тексеріп, қысқы шиналарды қолдануға, ал жолаушыларға жол қозғалыс ережесін сақтауға кеңес береді.