Айгүл Иманбаева ауласынан табылған қорқынышты "сыйлықты" көрсетті (ВИДЕО)
Өнер иесінің сөзінше, белгісіз адамдар бір жылдан бері оның үйінің маңына түрлі "сыйлықтар" тастап кетіп жүр.
Ауласынан қуыршақ табылған
Айгүл Иманбаева әлеуметтік желідегі парақшасында ауласынан табылған қорқынышты олжаны көрсетті. Бұл жолы жерге көмілген қуыршақ анықталған.
Өнер иесінің айтуынша, мұндай жағдай алғаш рет болып отырған жоқ. Ол өзіне өшпенділік танытатын адамдардың бір жылдан бері осындай әрекетке барып жүргенін жеткізді.
Айгүл Иманбаева жазбасында бұл оқиғаға қатты алаңдаулы екенін жасырмады. Әнші мұндай әрекетті жасаған адамдарды білетінін де айтты.
“Дұшпан алыстан келмейді дейді ғой. Кеше осындай қорқынышты нәрсе тауып алдық. Бұл бір жылдан бері жалғасып келеді. Адамды соншалықты жек көруге, қызғануға бола ма? Құдайдан қалай қорықпайды?” – деп жазды Айгүл Иманбаева.
Сондай-ақ өнер иесі бұл істі жасаған адамдардың өздері тікелей келмейтінін, арада басқа адамдарды пайдаланатынын айтты.
“Мен мұны кім істеп жүргенін білемін. Жасырын камера бар, оны байқамаған. Жүрегім де сезеді. Өздері келмейді, жіберетін адамдары бар. Неге өздеріңді, ұрпақтарыңды ойламайсыңдар? Есімдеріңді атамаймын. Біз 21 ғасырда өмір сүріп жатқан жоқпыз ба? Ал сендер қай ғасырда қалып қойғансыңдар?” – деді актриса.
Оқырмандары өнер иесін сабырға үндеді
Айгүл Иманбаеваның жазбасынан кейін желі қолданушылары оған қолдау білдіріп, сабырға шақырды.
Пікір қалдырған оқырмандардың бірі мұндай жағдайдың расымен қорқынышты екенін айтса, енді бірі бұған аса мән бермеуге кеңес берді. Кейбір желі қолданушылары өнер иесін сабырға шақырып, Жаратушы қорғайтынын жазды.