Ақ халаттылардың пікірінше, бесікте жатқан баланың қан айналымы бұзылып, сүйегі дұрыс жетілмейді.
Қазіргі заман медицинасы бесік бала денсаулығына зиян деп есептейді. Дәрігерлердің пікірінше, бесікте жатқан баланың қан айналымы бұзылып, сүйегі дұрыс жетілмейді. Бұл туралы khabar.kz хабарлады. Ал ата-әжелеріміз бесік сәбидің денсаулығына пайдалы, ұйқысы тыныш болады деп санайды. Сонымен, бесікке бөлеу дұрыс па, бұрыс па?
Қазақ халқы бесікті қасиетті бұйым деп санаған. Өкінішке қарай, бүгінде бесік қолданыстан шығып барады. Оның орнына манеж, қоларба және заманауи жабдықтар қолданылуда. Десе де, дәстүрді сақтаушылар әлі де бар.
Дәрігерлер бесікте ұзақ жатқан баланың жауырыны жабысып, рахит ауруына шалдығатынын алға тартады.
"Зияндылығы – баланы бесікке қатты бөлеп қою, Омыртқа иілістері дұрыс қалыптаспай қалуына әсер етуі мүмкін. Баланы қатты бөлеп тастаса, ұзақ уақыт жататын болса қан айналыстарының бұзылысына әкелуі мүмкін", – дейді педиатр Айгүл Зүлқажықызы.
Өз кезегінде үлкендер бесік бір ырғақпен тербелгендіктен, баланың жүйкесі бір ізге түсетінін және сәби шошынбай, тыныш ұйықтайтынын айтады.
"Батыр Қабанбай, Бөгенбай, осының бәрі бесікпен өскен. «Кең жайлау жалғыз бесік жас балаға» деп Абай да айтады. Бесік деген үлкен тәрбие, үлкен қасиет. Біздің отбасымызда 10 шақты бала өсті, түгелдей бесікке бөледік. Памперсті жою керек те, бесікке қайта бөлеу керек. Өйткені бұл қазақтың рухында бар нәрсе", – дейді «Құрмет» орденінің иегері Егеухан Мұхамәдиқызы.
Қазіргі медицина бесікке бөлеуді шектегенімен, дәстүрлі көзқарас оны пайдалы санайды. Ал көпті көрген ата-әжелеріміз бесіктің қасиетті мүлік екенін айтады. Ең бастысы – оны дұрыс қолдана білу.