90 минуттық отырыс — 146 миллион теңге: Нұралы Әліп бонусқа ие болды

Редактор Penalty.kz
14.04.2025, 03:29

Қазақстандық қорғаушы Нұралы Әліп Ресей Премьер-Лигасының 24-туры аясындағы матчта алаңға шықпағанымен, қомақты сыйақы алды.

fc-zenit.fu

Санкт-Петербургтік "Зенит" Ресей чемпионатының 24-туры аясында "Краснодарды" 4:1 есебімен жеңіп, маңызды үш ұпайға қол жеткізді. Бұл кездесу турнирлік кестедегі жағдайға тікелей әсер етті: матч алдында "Зенит" екінші орында болып, көшбасшы "Краснодардан" 5 ұпай артта тұрған.

Осы маңызды кездесудің алдында клуб басшылығы футболшыларды ынталандыру мақсатында арнайы сыйақы тағайындаған:

  • Жеңіс үшін — 110 мың еуро (шамамен 64,4 миллион теңге);
  • Үш немесе одан да көп доп айырмасымен жеңіс үшін — 250 мың еуро (шамамен 146,5 миллион теңге).

Нәтижесінде "Зенит" "максималды бағдарламаны" орындап, сенімді жеңіске жетті.

Қазақстан ұлттық құрамасының қорғаушысы Нұралы Әліп бұл матчта алаңға шыққан жоқ. Ол бүкіл ойын бойы қосалқы құрамда отырды. Алайда клубтың ішкі тәртібіне сәйкес, матчтық өтінімге енген әрбір ойыншы сыйақы алады. Осылайша, Нұралы 90 минут бойы алаңға шықпаса да, 146 миллион теңгеге жуық табысқа ие болды.