Қос көрші тағы да жолығады: ойынның уақыты мен орны белгілі болды.
Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) ұлттық құраманың жыл соңындағы соңғы ойыны жайлы ресми мәлімдеме жасады.
ҚФФ президентінің кеңесшісі Нұрсұлтан Құрманның айтуынша, Қазақстан құрамасы күздің соңында Өзбекстан құрамасымен жолдастық кездесу өткізеді. Матч Түркістанда немесе Шымкентте өтуі мүмкін
"Біз бұл жылды Өзбекстан құрамасына қарсы жолдастық кездесумен аяқтаймыз. Ойын күздің соңғы айларында өтеді. Қазір келісім бар. Матчты Түркістанда өткізуді жоспарлап отырмыз. Бірақ Шымкенттегі Орталық стадион да қарастырылып жатыр. Онда қазір жақсы көгал бар, сонымен қатар жаңа электронды табло орнатылды", — деді Құрман.
Айта кетейік, Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары соңғы рет 2022 жылдың қарашасында Ташкентте кездескен. Ол ойында өзбекстандық футболшылар 2:0 есебімен жеңіске жетті.