АҚШ-тың футбол аренасында күтпеген нәтиже тіркелді, "Спортинг Канзас-Сити" сапындағы ресейлік вингер Магомед-Шапи Сулейманов МЛС маусымында нәтижелі пастар саны бойынша Лионель Мессиді басып озды.
25 жастағы футболшы МЛС-тың кезекті турында "Сан-Хосе Эртквейкс" командасына қарсы ойында (3:5) өзінің үшінші нәтижелі пасын тіркеді. Бұл көрсеткіш арқылы ол Мессиден (2 ассист), Жорди Альбадан (1 ассист) және өз отандасы —"Атланта Юнайтед" жартылай қорғаушысы Алексей Миранчуктан озып отыр.
Магомед-Шапи Сулейманов 2024 жылдың ақпан айында "Спортинг Канзас-Ситиге" ауысқан. Сол уақыттан бері ол барлық жарыстарда 9 матчқа қатысып, бір гол мен үш нәтижелі пастың авторы атанды.
Футболшының қазіргі келісімшарты 2026 жылдың соңына дейін жарамды. Transfermarkt порталының мәліметінше, оның нарықтық бағасы — 2 миллион еуро шамасында.