Алжир чемпионатын қорытындылаған матч кезінде стадион трибунасының қоршауы опырылып, ондаған жанкүйер құлады. Салдарынан үш адам қаза тауып, 80-нен астамы жарақат алды. Чемпиондық кубок табысталмай, марапаттау рәсімі шұғыл тоқтатылды.
Алжир чемпионатының шешуші ойыны адам өліміне ұласқан ауыр трагедиямен аяқталды. Бұл туралы Offside.kz хабарлады.
«МК Алжир» мен «Магра» клубтары арасындағы кездесу 0:0 есебімен тең аяқталып, «МК Алжир» ел чемпионы атанды. Алайда жеңіс тойы қайғыға ұласты. Стадиондағы қауіпсіздік қоршауы құлап, жанкүйерлердің бір бөлігі трибунадан құлаған.
Алжирдің Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметі бойынша үш адам қаза тапқан, ал 80-нен астам жанкүйер түрлі деңгейде жарақат алған.
"Трофейді табыстау рәсімі бірден тоқтатылып, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ресми тергеу басталды", — делінген ресми хабарламада.
«МК Алжир» клубы чемпиондық атақты иеленгенімен, бұл тарихи сәттің салтанаты жанкүйерлер өміріне қауіп төндірген трагедиямен көлеңкеленді. Әлеуметтік желіде оқиға видеосы тарап, жергілікті билік пен стадион әкімшілігі сынға ұшырады.