Алматы облысында балалар мен жасөспірімдер футболының болашағына бағытталған маңызды жоба іске қосылды. Талғарда ФИФА-ның тікелей қатысуымен жаңа академияның құрылысы басталмақ.
Футбол жанкүйерлерін қуантатын жаңалықты "Тотальный футбол KZ" порталы жариялады. Жоба аясында Талғар қаласында заманауи талаптарға сай футбол академиясы бой көтереді. Құрылыстың басталуы осы аптаның соңына жоспарланып отыр.
Академияның құрылысына ФИФА-ның ресми кеңесшісі Стюарт Холл жетекшілік етуде. Бұл – халықаралық стандарттарға сай спорттық инфрақұрылым салу жолындағы маңызды қадам.
Аталған жоба Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) бастамасымен жүзеге асып отыр. Академия балалар-жасөспірімдер футбол жүйесін түбегейлі реформалауға бағытталған. Бұл арқылы отандық футболда кәсіби даярлықтың жаңа деңгейі қалыптасады деп күтілуде.
"Жаңа академия – Қазақстандағы футбол құрылымын жаңғырту жолындағы шешуші бастама. Бұл жоба ел ішіндегі ғана емес, халықаралық серіктестермен өзара ынтымақтастықтың нақты жемісі болмақ", – делінген "Тотальный футбол KZ" жариялаған ресми мәлімдемеде.
Федерация өкілдерінің хабарлауынша, жоба аясында Талғардағы қазіргі спорт базасын жаңарту да көзделген. Сонымен қатар Франциядағы футбол саласының мамандарымен әріптестік орнату жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде жаттықтыру жүйесін жетілдіруге, кадрлық резервті нығайтуға мүмкіндік береді.