Виталий Жуковский ресми түрде тағайындалды.
Белорус маманы Виталий Жуковский ресми түрде "Атырау" ФК бас бапкері болып тағайындалды. Бұл жөнінде клубтың ресми парақшасы хабарлады.
"41 жастағы Виталий Жуковский "мұнайшылардың" бас жаттықтырушысы болып тағайындалды. Ол 2022–2024 жылдар аралығында клуб тізгінін ұстап, команданы Қазақстан Кубогының финалына шығарды және чемпионаттағы ең үздік нәтижеге — жетінші орынға жеткізді", — делінген "Атырау" командасының Instagram парақшасында.
Жаңа маусым басталғалы Жуковский "Тұран" клубының бас бапкері болған еді. Алайда 23 маусым күні түркістандық команда бүкіл жаттықтырушылар құрамының отставкаға кеткенін ресми түрде хабарлады. Осылайша Жуковский Атырауға екінші рет оралды.
Қазір ҚПЛ маусымында "Атыраудың" жағдайы мәз емес. 15 турдан кейін клуб небәрі 4 ұпаймен турнир кестесінің соңғы — 14-орнында орналасқан. Жаңа бапкер үшін бұл үлкен сын мен жауапкершілік болады.