"Бешікташ" 2025/2026 маусымына ресми дайындықты бастады. Клубтың баспасөз қызметі алғашқы жаттығудан суреттер жариялап, бұл жаңалықты Instagram парақшасында растады.
Жаттығу сессиясына жаңа бас бапкер — норвегиялық маман Уле-Гуннар Сульшер жетекшілік етті. Еске сала кетейік, "Бешікташ" өткен маусымда Түркия Суперлигасында төртінші орын алып, еурокубоктық жолдама иеленген.
Клуб жариялаған фотосуреттерде Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Бақтиер Зайнутдинов те көрінеді. Ол өткен маусымда жарақатына байланысты ұзақ уақыт бойы алаңға шыға алмады. Бірақ жақында ұлттық құрамамен бірге өткізген жиын кезінде:
"Қалпына келу кезеңі аяқталды. Енді толыққанды дайындық басталды", — деп мәлімдеген еді Зайнутдинов.
Осылайша футболшы жаңа маусымға толық дайын екенін іс жүзінде дәлелдеп отыр.
Бақтиердің қазіргі жағдайы басқа клубтардың да назарын аударуда. Түрлі дереккөздерге сүйенсек, Ресей Премьер-Лигасының бірнеше ұжымы – атап айтқанда, "Спартак", ЦСКА және "Динамо" — ойыншыны өз саптарына қосуды қарастырып жатыр.
Зайнутдиновтың "Бешікташтағы" болашағы әзірге белгісіз, алайда жаңа маусымдағы ойын көрсеткіші бұл мәселені анықтауға сеп болмақ.