Каталониялық «Барселона» клубының жас жұлдызы Ламин Ямалдың 18 жасқа толуы Испанияда үлкен қоғамдық резонанс тудырып отыр.
13 шілде күні Ламин Ямал туған күнін отбасылық түскі аспен бастап, кешті жекеменшік виллада жалғастырды. 200-ден астам қонақ жиналған кешке футболшылар мен шоу-бизнес өкілдері шақырылған. Алайда басты назарды қонақтар емес, модель - Клаудия Кальвоның кеш ұйымдастыруына қатысты шулы мәлімдемесі аударды.
Испаниялық модель Клаудия Кальво "Telecinco” арнасындағы "TardeAR" бағдарламасына берген сұхбатында Ямалдың кешіне қыздарды таңдау үдерісі туралы айтты. Оның айтуынша, кеш ұйымдастырушылары модельден 12 қыз жинауды сұраған.
«Олар көбінесе кеуде өлшеміне және шаш түсіне қарайтын», – деді Кальво.
Кальвоның сөзінше, кешке шақырылған қыздарға сыйақы уәде етілген. Бұл қаражат арнайы берілетін жеке шығындарға арналған банктік картаға аударылуы тиіс болған.
«Маған бұл екі таңбалы нақты сома екені айтылды : 10 мен 20 мың еуро арасы. Саған арнайы карта беріледі. Бірақ оны алған кезде сен не күтіп тұрғанын, не талап етілетінін білмейсің. Мен бұл кешке барғым келмеді. Әлі күнге дейін не болғанын ешкім анық білмейді, ал мен өз атымды белгісіз жобаға қатыстыруға дайын емеспін», – деп бөлісті модель.
Кеш ұйымдастыру тарапынан ресми талаптар ашық айтылмаған. Бұл жағдай модельдің өзінде де күмән тудырған.
Ламин Ямал да, оның өкілдері де, сондай-ақ «Барселона» клубы да бұл жағдайға қатысты ешқандай пікір білдірмеді. Әлеуметтік желілерде бұл мәлімдеме қызу талқыланып, көпшілік этикалық нормалар мен футболшы беделіне қатысты алаңдаушылық білдіруде.