Танымал спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен қаржылық қиындықта жүр деп есептелген "Тұран" ФК ойыншылары шын мәнінде айтарлықтай жоғары жалақы алатынын мәлімдеді. Бұл туралы ол FonTeam подкастында айтты.
Түркістандық “Тұран” клубындағы жалақы мәселесіне қатысты қызықты ақпарат белгілі болды. Ермұхамед Мәуленнің сөзінше, соңғы кездері қаржылық дағдарысқа ұшыраған деп есептелген клубта кейбір ойыншылар ай сайын 11 миллион теңге жалақы алып отыр.
“Астана” мен “Тұран” ойынын көріп отырғанымда маған бір инсайдер келіп: "Сіз “Тұранды” үнемі қорғап жүрсіз, бірақ оларда ақша жоқ деген бос сөз" деді. Бастапқыда сенбедім. Бірақ Жуковский мен негізгі құрам кеткеннен кейін, жаңа ойыншылардың жалақысы екі есе өскені анық. Қазір айына 11 миллион теңге алатын футболшылар бар екен. Егер сенбесеңіздер, Түркістан облысы әкімдігіне ресми сұрау жолдаңыздар. Жауап беруі тиіс," – деді Мәулен.
Оның айтуынша, салықтардан кейін футболшылардың қолына шамамен 8 миллион теңге тиеді.
Айта кетейік, маусым барысында “Тұран” негізгі құрамдағы 15 ойыншыны және бас бапкер Виталий Жуковскийді бірден қызметтен босатты. Бұған дейін БАҚ-та клуб ойыншылары төрт айдан астам уақыт жалақы алмағаны туралы да мәлімет тараған еді. Қазір клубтың болашағы бұлыңғыр, тіпті жойылып кету қаупі бар.
Сонымен қатар клубтың ойыншылар алдындағы миллиондаған теңге қарызы бар екені де бұған дейін хабарланған.
ҚПЛ-да 17 турдан кейін “Тұранның” еншісінде небәрі 11 ұпай бар. Команда турнир кестесінде 13-орынға жайғасқан.