Нидерландтық футбол аңызы Уэсли Снейдер жақында берген сұхбатында футболға деген көзқарасы, «Интердегі» тарихи маусым, «Алтын доп – 2010» туралы ойларымен бөлісіп, тарихтағы ең үздік бапкер кім деп санайтынын да ашық айтты.
Сұхбатта «ең үздік жаттықтырушы кім?» деген сұраққа Снейдер еш ойланбастан Жозе Моуриньюді атады. Ол 2010 жылы «Интермен» бірге Чемпиондар лигасы, Серия А және Италия кубогын қатар жеңіп алған тарихи маусымды ерекше еске алды:
«Тарихтағы ең үздік бапкер? Мен үшін – Жозе Моуринью. Біз 2010 жылы «Интермен» жасаған жетістік – бұл футбол тарихындағы ерекше оқиға. Моуринью бізге кез келген қарсыласты жеңе алатынымызға сендірді. Ол тек жаттықтырушы емес, ол – нағыз көшбасшы. Мен әрдайым оған құрметпен қараймын».
Снейдер сол маусымда «Интердің» негізгі ойыншысы болды, ал Моуринью – команданың тактикалық миы мен рухани жетекшісі еді.
Қызығы сол, Снейдер 2016 жылы берген сұхбатында мүлде басқа бапкерді «ең үздік» деп атаған болатын. Ол кезде таңдауы Луи ван Галға түскен. Дегенмен, сол пікірінде адамаралық қарым-қатынаста бірқатар қиындық болғанын да жасырмаған:
«Луи ван Галдан асқан мықты жаттықтырушы жоқ. Бірақ оның жеке қарым-қатынас жағынан өсетін тұстары бар. Онымен бірге жұмыс істеу керемет болды — оның жаттығулары өте қызықты еді. Бірақ адам ретінде бізде үнемі түсініспеушілік болатын», – деді Снейдер.