Кореялық футболшы англиялық клубта 10 жыл өнер көрсетті.
Оңтүстік Кореяның атақты футболшысы Сон Хын Мин “Тоттенхэм” клубынан кететінін ресми түрде мәлімдеді. Бұл шешімін ол Сеулде өткен баспасөз мәслихатында жариялады.
33 жастағы шабуылшы команданың алдағы маусым алдындағы “Ньюкаслға” қарсы жолдастық кездесуінің алдында журналистермен кездесіп, жанкүйерлерге үн қатты.
«Мен бұл жазда клубтан кетуге шешім қабылдадым. Бұл менің мансабымдағы ең ауыр шешімдердің бірі болды. Он жыл ішінде көптеген керемет сәттер болды. Бірақ мен жаңа ортада дамуым керек екенін сезіндім. Өзгеріс қажет. Мен бұл клубқа 23 жасымда, бала кезімде келдім, енді ересек, мақтаныш сезіміндегі адам ретінде кетіп барамын», — деді Сон.
Сон Хын Мин “Тоттенхэм” сапына 2015 жылы Германияның “Байер” клубынан ауысып келген болатын. Осы уақыт аралығында ол 454 матч өткізіп, 173 гол соғып, клуб тарихындағы үздік бес сұрмергеннің қатарына енді. Сондай-ақ ол клуб капитаны атанып, бірнеше жеке марапатты иеленді.
2024 жылы ол УЕФА Еуропа лигасының жеңімпазы атанды — бұл оның “Тоттенхэмдегі” алғашқы әрі жалғыз титулы.
Қазір футболшының қай клубқа ауысатыны туралы ресми ақпарат жоқ. Алайда БАҚ беттерінде оның АҚШ-тың «Лос-Анджелес» командасынан ұсыныс алғаны жазылып жүр. Transfermarkt порталының мәліметі бойынша, ойыншының нарықтағы бағасы — 20 миллион еуро.