«Кристал Пэлас» жұлдызы Эберечи Эзе жазғы трансфердің басты фигурасына айналды. Фабрицио Романоның мәліметінше, «Арсенал» мен лондондық клуб мәміле шарттары бойынша ортақ келісімге келген.
«Арсенал» 27 жастағы жартылай қорғаушы үшін £60 млн фунт стерлинг (шамамен €69 млн) төлеуге дайын.
Бұған дейін Эзе «Тоттенхэмге» ауысуға бір қадам қалған еді. Дегенмен, ойыншының өзі «Арсеналдың» жобасына қызығушылық танытып, «канонирларды» таңдады. Бұл шешім туралы алғаш болып The Athletic тілшісі Дэвид Орнштейн хабарлады, кейін Фабрицио Романо да ақпаратты растады.
2024/25 жылғы маусымда Эзе «Кристал Пэлас» сапында барлық турнирлерде 43 матчқа шығып, 14 гол соғып, 11 нәтижелі пас берді. Бұл көрсеткіштер оны Премьер-лиганың ең өнімді жартылай қорғаушыларының қатарына енгізді.
Эзенің «Кристал Пэласпен» қолданыстағы келісімі 2027 жылға дейін жарамды. Transfermarkt порталы оның нарықтық құнын €55 млн деп бағалайды. Дегенмен, «Арсенал» ойыншы үшін бұдан жоғары сома ұсынбақ.
Қазір Эзенің «Арсеналға» ауысуы тек ресми растауды күтуде. Бұл трансфер клубтың жаңа маусымдағы чемпиондық амбициясын айқындайды.