
Алматының "Қайрат" ФК мен Шотландияның "Селтик" арасындағы Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі қарымта ойыны қарсаңында жанкүйерлер билеттерге қатысты даудан кейін арнайы үндеу жасады.
Алматылық команданың Орталық стадионында өтетін тарихи ойынға билеттер сатылымға шыққаннан кейін небәрі 1,5 сағат ішінде түгел сатылып кеткен. Алайда көп ұзамай әлеуметтік желілерде сол билеттердің қайта сатылымға қойылғаны анықталды. Бағалар бастапқы құнынан екі-үш есе жоғары, кей жағдайларда тіпті 400 пайызға қымбат болған.
Фанаттар жариялаған мәлімдемеде мынадай жолдар бар:
“Қымбатты алматылықтар мен “Қайраттың” жанкүйерлері! 26 тамыз күні біздің команда “Селтикке” қарсы тарихи матч өткізеді. Билеттер тез сатылып кеткенімен, басты мәселе – алыпсатарлық. Шынайы жанкүйерлер билеттерге қол жеткізе алмай қалады, ал футболға сирек келетін адамдар стадионды толтырып отырады. Бұл – әділетсіз. Біз футболдың дамуына қарсы емеспіз, бірақ “Қайратты” жылдар бойы қолдап жүрген нағыз фанаттар шетте қалмауы керек”.
Жанкүйерлер мәселе бірнеше жыл бойы қайталанып келе жатқанын айтып, клуб пен билік тарапынан бақылауды күшейтуді сұрады.
Еске сала кетсек, Глазгодағы алғашқы кездесуде “Селтик” пен “Қайрат” тең түскен еді – 0:0. Енді шешуші матч 26 тамыз күні Алматыда өтеді. Ойын жеңімпазы Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алады.