Мәжіліс отырысында депутат Абзал Құспан Қазақстан футболындағы келісілген матчтар туралы өткір мәселе көтерді. Оның айтуынша, еліміз бұл салада әлемдік көшбасшылардың қатарына еніп отыр.
Депутат сөзінде халықаралық компания Sportradar деректеріне сілтеме жасап, 2022 жылы Қазақстан әлем бойынша келісілген матчтар саны жағынан төртінші орынға шыққанын атап өтті.
"Бұл – қазақстандық футболда әділетсіз ойынның кең таралғанын және оның халықаралық деңгейде мойындалғанын білдіреді. Қоғамдық ұйымдар мен БАҚ букмекерлік кеңселер көптеген матчтарды желіден алып тастайтынын хабарлайды. Алайда мұндай фактілердің басым бөлігі тергелмей қалады", – деді Абзал Құспан.
Мәжілісмен Германия, Италия, Оңтүстік Корея және Қытайда төрешілер, футболшылар және клуб президенттері келісілген матчтар үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын мысалға келтірді.
"Мұндай жағдайлар әлемдік тәжірибеде өте көп. Бұл – заңды қадам, себебі сөз мемлекет пен жанкүйерлерді алдау ғана емес, сондай-ақ мыңдаған азаматтың қаржылық қауіпсіздігі туралы болып отыр", – деп қосты ол.
Абзал Құспан құқық қорғау органдарын тарта отырып, Қазақстан футболындағы келісілген матчтарға байланысты жан-жақты тергеу жүргізуді талап етті.
Айта кетейік, 2025 жылдың шілде айында Қазақстан футбол федерациясы бірнеше төрешіні шеттетіп, келісілген матчтар бойынша ресми мәлімдеме жасаған болатын.