Алғаш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан алматылық «Қайрат» еуропалық алпауыттарға қарсы ойындарға дайындалып жатқан сәтінде сот алдында жауап беруге мәжбүр болды. Бұған Орталық стадионның арендасына төлем жүргізбеуі себеп.
Алматы қаласы Спорттық нысандар дирекциясының ресми жауабына сәйкес, мемлекеттік аудит нәтижесінде клуб 2021–2023 жылдары аренда үшін төмендетілген тарифпен ақы төлеп келген.
Төленген сома: жылына 30 млн теңге.
Нормативтік есеп: матчтар мен жаттығулар санына қарай жылдық төлем 322,5 млн теңге болуы тиіс еді.
"Қайрат" үш жыл ішінде 61 матч пен 77 жаттығу өткізген. Клуб барлығы 125,1 млн теңге төлеген, қосымша 66,35 млн теңге 2024 жылы аударған. Алайда сот нақты нормативтік ставканы негізге алып, мемлекетке келтірілген шығынды 131 млн теңге деп бағалады.
«Қайрат» өкілдері талапқа қарсы шығып, қолданыстағы келісімшарттардағы шарттарды алға тартты. Сондай-ақ 2021 жылғы келісім бойынша талап қою мерзімі өтіп кеткенін айтты. Заңгерлер ревизиялық комиссия қорытындысы міндетті орындауға жатпайды деп мәлімдеді.
Дегенмен Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты бұл уәждерді қабылдамай, мынадай шешім шығарды:
«Қайрат» ФК ЖШС Алматы қаласы Спорттық нысандар дирекциясының пайдасына 131 млн теңге және 3,9 млн теңге мемлекеттік баж салығын төлеуге міндеттелсін» (сот шешімі, 4 қыркүйек 2025 жыл).
Дирекцияның мәлімдеуінше, сот дауына қарамастан «Қайратпен» әріптестік тоқтатылмайды. Орталық стадионы клубтың ресми үй алаңы болып қала береді.
Айта кетейік, бұған дейін «Қайрат» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққаны үшін 11,6 млрд теңге сыйақы алған еді. Плей-оффта алматылықтар Шотландияның атақты «Селтигін» пенальти сериясында жеңіп, басты турнирге жолдама алды. Бұл клубқа Еуропадағы қарсыластарымен ойында жеңіс не тең нәтиже арқылы қосымша табыс табуға мүмкіндік береді.