Алматыдағы тарихи «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчының билеттері сатылымға шыққан сәтте мыңдаған жанкүйер сайт пен қосымшаға ағылған. Бірақ ондаған ресейлік жанкүйердің ақшасы шешіліп, билетсіз қалды.
Mash на спорте таратқан ақпаратқа сүйенсек, ресейлік жанкүйерлер билеттерді «Қайраттың» ресми қосымшасы мен сайтынан, сондай-ақ «Тикетон» сервисінен сатып алуға тырысқан. Бірақ төлем өткен соң, электронды поштаға да, SMS арқылы да ешқандай растау келмеген.
«Қолдау қызметіне хабарластым. Олар барлық билеттер сатылып кеткенін айтты. Ақша 3–5 күн ішінде қайтарылады», — дейді зардап шеккен жанкүйердің бірі.
Бұл жағдай әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, жанкүйерлер ұйымдастырушылардан түсініктеме талап етуде.
Матч билеттерінің сатылымы басталған алғашқы минуттарда 160 мың адам өтінім берген.
Алматы орталық стадионының сыйымдылығы бар-жоғы 23 804 орын.
«Қайрат» – «Реал» ойыны 30 қыркүйекте өтеді.