«Ақтөбе» клубының футболшысы, жанкүйерлер арасында «қазақ Мессиі» лақап атымен танымал ойыншы Еркебұлан Сейдахмет Дастан Сәтпаев жайлы пікірін білдірді.
«Ақтөбе» командасының жартылай қорғаушысы Еркебұлан Сейдахмет YouTube-тағы «Футбол Жолы» арнасына сұхбат берді.
«”Қайрат” клубында доп теуіп жүргенімде, Дастан біздің жаттығуымызға келіп жүретін. Ол күніне 2-3 рет жаттығу жасайтын. Тамақ жағына қатты бөледі. Менталитеті еуропалықтарға ұқсайды. Оған ақыл айтудың қажеті жоқ деп ойлаймын. «Челсиге» кеткеннен кейін де, осылай ары қарай жұмыс істей берсе, үлкен жетістіктерге жетеді деп ойлаймын».
Еркебұлан Сейдахмет өзі де 17 жасында көпшіліктің көзіне түсіп, «Зенит» сапында оқу-жаттығу жиынына қатысса да, Дастан Сәтпаевтың жағдайы мүлдем бөлек екенін айтты.
«Дастан Сәтпаевты өзіммен салыстыра алмаймын. Ол «Қайрат клубының академиясынан шықты. Қазір де сол клубтың намысын қорғап жатыр. Ал мен «Монтажник» клубында кәсіби түрде дайындалдым деп айта алмаймын. Тіпті өз қатарларыммен ойнаған сәтте техникалық, футболды түсіну жағынан қатарластарымнан артта қалғандай сезінетінмін. Алғаш «Зенит» клубының оқу-жаттығу жиынына барғанда өте қатты қиналдым. Өйткені ол жердегі жаттығуларды бірінші рет істеген болатын. Тек U17 мен U19 құрамаларына шақырту алған соң ғана, футбол әлемін түсіне бастадым. Оның үстіне «Тараз» клубы Премьер-лигада жан сақтауға тырысатын еді», - деп футболшы өз пікірімен бөлісті.
Айта кетейік, Еркебұлан Сейдахмет «Ақтөбе» сапында 20 матчқа қатысып, 1 гол және 2 нәтижелі пасымен көзге түсті.